Алматыда карантин күшейтілуі мүмкін

Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қаладағы коронавирусқа қатысты жағдай ушығып бара жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирус жұқтырғандар күнде тіркеліп жатқанын айтқан Бекшин алматылықтарды сақтық шараларына немқұрайлы қарамауға шақырды.

Бұл туралы ол ОКҚ-де өткен брифинг барысында айтты.

«Бұл туралы біз желтоқсанда және 2021 жылдың басынан бері ескертіп келеміз, соңғы төрт күнде жағдай күрделеніп кетті. Күніне 120-дан 140-қа дейін адам жұқтырғаны расталуда. Салдарынан Алматы «қызыл аймаққа» енді», – деді Бекшин.

Осыған байланысты «карантин күшейтіле ме?» деген сауалға:

«Бұл бағытта жұмыс аяқталуға жақын. Брифингтен соң шешім қабылдап, қандай шектеу шаралары енгізілетінін ертең айтатын боламыз», – деп тіл қатты Бекшин.