Созылмалы ауруы бар науқастарға екпе егіле ме?

Коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырмас бұрын медицина мамандары қазақстандықтарға денсаулығын тексеріп алуға кеңес береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл әсіресе, созылмалы ауруы бар азаматтарға қатысты.

Әзірге екпені жүкті әйелдер мен балалар алмайтыны белгілі. Ал коронавируспен ауырғандар вакцинаны жарты жылдан кейін салдырғаны дұрыс дейді сарапшылар.

Вакцина салдыруға дайындалып жатқан қазақстандықтардың екпені әзірлеуші компанияға және денсаулық сақтау министрлігіне қояр сұрағы көп. Алайда сарапшылар әзірге олардың бәріне бірдей жауап беруге дайын емес. Әсіресе, екпенің кімге салынып, кімге салынбайтыны көптеген пікірталасқа себеп болды. Созылмалы аурумен ауыратындарға қатысты да нақты ақпар жоқ. Белгілісі, бұл санатқа жататындарға вакцина салуға тыйым жоқ. Алайда мамандар әуелі тексерістен өткен жөн дейді. 

Павел Дерябин, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы:

– Жалған ақпараттар көбіне жекелеген адамдардың көзқарасына негізделген. Мәселен, даун синдромына шалдыққан және сал ауруымен ауыратын балаларға екпе салынбауы керек деген ой айтылып жүр. Шын мәнінде бұл – жаңсақ пікір. Осал топқа жататындарға вакцина бірінші кезекте салынуы керек. Яғни біз оларды негізгі ауруынан емдей алмасақ та, вирустық инфекциядан қорғаймыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазір әлемде екі жүзден астам коронавирусқа қарсы вакцина әзірленіп жатыр. Оның 64-і – клиникалық сынақ кезеңінде. Қазақстандық ғалымдар да осы бағытта жұмыс істеп жатқаны белгілі. Мамандар елімізде екпе жыл сайын егілуі мүмкін деген ой айтады.  

Бақыт Көшерова, Қарағанды медицина университеті ректорының орынбасары:

– Коронавирустық вакцинаның иммундық әсері ұзаққа созылмайды. Антидене өмір бойына жетпейді. Сондықтан екпені жыл сайын салдыруға тура келеді. Менің ойымша, біз түрлі вакциналарды 12 ай сайын салдырамыз. Осыған дейін жасалған зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, екпе егілген азаматтардың моральдық иммунитетінің деңгейі 3-тен 6 айға дейінгі аралықта төмендейді. Халықаралық басылымдарда жарияланған ақпараттарда 3 айдан кейін коронавируспен ауырған адамдардың вирусты қайта жұқтыруы мүмкін екені айтылады. 

Жалпы елімізде бірнеше вакцина қолданылады деп жоспарланған. Ақпан айында қазақстандықтарға ресейлік екпе егіле бастайды. Сәуір айында қазақстандық өнімді клиникалық сынақтан өткізудің үшінші кезеңі аяқталады. Яғни нарыққа отандық вакцина шығарылады. Бұдан бөлек, өзге де компаниялармен келіссөз жүргізу жоспарда бар.

Сондай-ақ...