Елорда іргесіндегі Қосшы ауылына 128 бейнебақылау камерасы орнатылды

Бұл мақсатқа Ақмола облысы әкімдігінен қомақты қаражат бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік мол дейді полиция өкілдері.

Ақмола облысының әкімдігі мен полиция департаменті бірлесіп, 70 мың тұрғыны бар Қосшыға бірден жүзден аса камера орнатты. Енді қоғамдық тәртіп полиция бөлімінің ішінде құрылған жедел басқару орталығында бақыланады.

Арманбек Баймурзин, облыстық полиция департаментінің басшысы:

– Полиция жұмысының бұл бағыттарын басты міндеттер ретінде ІІМ ел Президентінің жұртқа жақын полиция Жолдауының негізгі қағидаларын іске асыру және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау аясында жеке құрамның алдына қояды. Бүгінгі күні ауыл аумағында 128 бейнебақылау камерасы бар. Оның 66-сы Лесная Поляна тұрғын алабында және 54 бейнекамера автожолдарда орнатылған.

Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы барлық камераның инфрақызыл жарық беретінін айтты. Яғни түнде де сапалы түсірілім жасауға болады.

Арсен Кушумбаев, «Транстелеком» АҚ жобалық менеджері:

– Камералар ескірген еді. Тұрғанына 10 жылдан асқан. Тиісінше түсірілген материалдар сапасыз болатын. Соның бәрін жаңарттық. Енді елді мекен іші мен жолдағы тәртіпті жіті бақылап отыруға болады.

Орнатылған 128 камераның 31-і жылжымалы. Оның 23-і қоғамдық орындарға қойылған. Өзгесі аула ішілік жолдар мен көлік көп жүретін көшелердің қиылысында тұр. Камерада мін жоқ дейді мамандар. Себебі көлік ішіндегі адамның түрін де анық көруге болады.

Қорған Төреқожа, Арман Ақшабев