Зерттеу: Жемқорлық деңгейі төмен елдерде коронавируспен күрес тиімді жүргізіледі

Коронавируспен күрес және жемқорлық арасында байланыс бар.

Transparency International өкілдерінің зерттеу нәтижесі осыны айғақтайды. Халықаралық үкіметтік емес ұйым жемқорлықты қабылдау индексін жария етті. Сөйтіп, жемқорлық деңгейі төмен елдерде коронавируспен күрес тиімді жүргізілетін болып шыққан. Өйткені ол мемлекеттерде денсаулық сақтау саласына көп қаржы бөлінеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бірінші орында Дания мен Жаңа Зеландия тұр. Тізімді Финляндия, Сингапур, Швецария мен Швеция жалғайды. Үшінші орынға Норвегия орнықты. Яғни бұл жемқорлық деңгейі ең төмен елдер. Рейтингке жиыны 180 ел кірген. Көш соңында Сомали және Оңтүстік Судан тұр. Бұл тізімде Қазақстан 94 орынға жайғасыпты.

Дэниел Эрикссон, Transparency International өкілі:

- Жемқорлық адамдарды өлтіреді. Бұл тура мағында айтылған сөз. Өйткені зерттеу нәтижесі көрсеткендей, тізімнің соңында тұрған елдердің денсаулық сақтау саласында дағдарыс туындап, олар коронавируспен тиімсіз күрес жүргізіп отыр.