Жүйелі түрде пара алған полицей 12 жылға түрмеге қамалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Күдікті Ақтау қалалық полиция басқармасында жедел уәкіл қызметін атқарған. Ол жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысқан қылмыстық топты өз қорғауына алғаны үшін 6 ай бойы 500 мың теңгеден ақша алып отырған. Осылайша, қызмет бабын асыра пайдаланған парақордың 3 млн теңге «сыйақы» алғаны анықталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде ұстауға үкім шығарды.
Әли Абдулов, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің аға тергеушісі:
- Бұл іс қылмыстық қудалау және жедел іздестіру іс-шараларымен, сонымен бірге жасырын тергеу әрекеттерімен анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 4-бөлігімен және де осы Кодекстің 262-бабының 3-бөлігімен күдікке ілініп, сотқа жолданды. Өзінің іс-әрекетін жасыру мақсатында тумаластарының есеп картасына ақшаны аудартып отырған.