Туабітті сал ауруына шалдыққан балалар тегін емделеді

Енді туабітті сал ауруына шалдыққан балалар тегін емделеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде бұл мақсатта 8 орталық салынады. Тағы екі емдеу мекемесі ерте бастан емдеуге кіріседі. Жоба қайырымдылық бағытта жүзеге асып жатыр.

Бұл – елордадағы «Қамқорлық» атты оңалту орталығы. Мұнда 4 жасар Фариз секілді туа бітті ауруға шалдыққан балалар ем алады. Бүлдіршіндер сан түрлі диагнозбен келген. Сырқатына қарамастан, қоғамға барынша бейімделіп кетулеріне білікті мамандар көмектеседі. 

Венера Исаева, қала тұрғыны:

– Балалар мұнда өздерін жақсы сезінеді. Орталықтың жұмысында нәтиже бар. Бала қоғамға бейімделіп келеді. Фариз бастапқы кездері үнемі менімен бірге жүретін. Қазір өзімен-өзі қала алады. Жаттығумен еркін айналыса береді. 

Орталықтың ашылғаны кеше ғана. Ол елорда бойынша 6 мыңға жуық балаға көмек көрсетуді жоспарлап отыр. «Бұл бүлдіршіндердің 20 проценті церебралды сал ауруына шалдыққан», - дейді мамандар.

Әсел Шаймергинова, №1 Көпбейінді балалар ауруханасы директорының м.а.:

Балалар портал арқылы келеді. Біз оңалту курсының үшінші деңгейін ұсынамыз. Көбіне сал ауруына шалдыққан балалар емделеді. Бүгін бұл үлкен проблемаға айналды.

Орталық мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қызмет көрсетеді. Мұндай емдеу мекемесі елдің басқа да аймақтарында ашылып жатыр. Жыл соңына дейін 8-ін іске қосу көзделген. Бұдан басқа, сырқат бала дүниеге келген сәттен бастап емделетін тағы екі орталық салынады. Сөйтіп, республика бойынша қажеттілік толық өтелмек. Мұндай диагнозы балалар өзге замандастары секілді білім алуға да құқылы. Сондықтан елордадағы 89-ші мектепте инклюзивті сынып ашылды.

Бейімбет Мұхамедиев, мектеп директоры:

Инклюзивті бірнеше жылдан бері қолға алынып жатыр. Бізде балалардың бәрі тең. Инклюзивті мұғалімдер саны 15. Логопед, дефиктолог. Сондай-ақ тьютарлар бар. Консультациялар жүріп жатыр.

Инклюзивті сынып – әзірге пилоттық жоба. Жоспарда өзге де білім ошақтарында ашу бар. Жоба елдің 8 облысында жалғасады.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров