Қарағандыда 115 вакциналау орталығы ашылды

Коронавирусты жеңу үшін халықтың кем дегенде 60 проценті вакцина салдыруы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонда ғана қоғамдық иммунитет қалыптасады. Бұл – қарағандылық инфекционист-мамандардың пікірі. Қазір облыс жаппай екпе егу науқанына әзірленіп жатыр. Аймақта 115 вакциналау кабинеті жасақталды. Бірер күнде вакцинаның алғашқы партиясы келеді. Кеншілер өңірінің індетке қарсы екпе жұмыстарына дайындығы қалай жүріп жатыр?

Ресейлік «Спутник-V» вакцинасының ерекшелігі осы. Кемі -20 градуста сақталуы тиіс. Бір флаконын пациенттің көзінше ашып, қатып тұрған сұйықтықты жібітіп, 5 адамға қатарынан салады. Сынама талабы бойынша ол 18 бен 60 жас аралығындағы адам болуы тиіс.

Гүлнәр Мұштарбекова, жалпы тәжірибелік дәрігер:

– Созылмалы аурулар, инсульт, қант диабетінің өткір кезеңі болса, оларға да жасамайды. Әбден тексеріп, дәрігерге келгенде ыстығы өлшеніп, қадағалайды. Егер барлық көрсеткіш дұрыс болса ғана екпе жасалады. Екпе екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы салынған соң 21 күннен кейін екінші интервалы болады.

Облыс бойынша 115 екпе салу кабинеті бар. Онда жұмыс істейтін 420 мейірбике мен 106 дәрігер арнайы оқудан өтті. Ресейлік мамандардың екі күндік семинарына да қатысты. Сондықтан екпе салдырған жандар бақылауда болады.

Екпе салдырғандар уақыт бойынша 30 минут дәрігер бақылауында болады. Олар осы орындықтарға отырады және тікелей дәрігер қарап отырады. Егер денсаулықтарында еш ақау болмаса, бірден үйге жіберіледі. Ал егер күрт қиын жағдайға душар болса, онда осында жедел реанимациялық көмек көрсетіледі. Бұл барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Арнайы төсек орындар да бар.

Елімізде 18 жасқа дейінгі және 60 жастан кейінгілерге де екпе салу көзделген. Алайда, Ресей екпесінде бұған рұқсат жоқ. Сондықтан мамандар отандық дәріге үміт артып отыр.

Бибігүл Төлегенова, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы:

– Сәуір айынан бастап бізде Ресейден өзге қазақстандық вакцина да қолданылады. Одан басқа 60-тан асқандарды егі үшін Pfizer мен Қытай вакцинасын қолдануға сөйлесіп жатыр. Өзім егілемін, жолдасым да егіледі. Туысқандарыма да айттым.

Ресейдің «Спутник-V» вакцинасын егуге 14 мемлекет келісім берген. Тағы 25-і жақын арада ресми түрде тіркелмек. «Бұл препарат Қарағандыда да шығатындықтан, оның тапшылығы болмайды» дейді мамандар. 

Авторлар: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев