419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда екі жыл бұрын салынған көп қабатты үйден шу шықты

  • 128
  • UPD: 21:43, 28.01.2021

Атырауда екі жыл бұрын салынған көп қабатты үйден шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұртқа баспана болуы тиіс ғимараттың кәріз жүйесі кәдеге жарамайды. Жылу да жоқ. Тұрғындар пәтерді 16 жылға ипотека арқылы рәсімдеген. Құрылысты жүргізген мердігер әкімдік арқылы есептесіп, ізін суытыпты.

Енді жылу мен кәріздегі кемшілікті пәтер иелері өздері жөндеп әлек. Жергілікті билік «жауапсыз мердігерді сотқа береміз» дейді.

«Береке» ықшам ауданындағы 38-үйдің тұрғындары бұған дейін де талай құзырлы мекемелерге арызданып көрген. Ондағы кәріз жүйесі мен жылу құбырлары сапасыз жасалған. Үйге келетін жылуды есептегіш құрал да айға жетпей істен шыққан. Тұрғындар оны өздері ақша жинап жаңалапты. Айта берсе, осындай олқылықтар көп.  

Асылбек Есқалиев, қала тұрғыны:

– Мынау су ағатын труба. Осы трубаны жылу есептегішке жеткізбеген. Бүкіл үйде батарея аустыратын болса, судың бәрі подвалды көл қылады. Заң жүзінде ол жылу есептегішке жалғанып, соның ішінде құдық жасақталып және сорғы болуы керек суды далаға шығаратын. Сол жасалмаған.

Эльмира Телбаева, қала тұрғыны:

– Көп дегенде 16 жылға берілді. Айына 80 мың теңге төлеймін, екі бөлмелі. Ақшаны босқа төлеп отырғандаймыз. Үйсіз-күйсіз жүрген адамдар осы үйдің барына шүкіршілік етіп, өз қолымен, өз қаражаттарымен әлі өтеудеміз. Былай қарағанда біз жөндеуге тиіс емеспіз. Үкіметке төлеп отырмыз ба сол ақшаны, өтеу керек ол кісілер.

Бұл ипотекалық үйді тұрғындар толық қабылдап алмаған. Ал бас кеңсесі басқа облыста орналасқан мердігер мекеме тұрғындар арызына мойын бұруға асығар емес. Осылайша, іс бітті, қу кеттінің кері болып тұр. Енді қалалық әкімдік құрылысшы мекемені сотқа бермек.

Қуат Кәрімов, қалалық Құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бұл үйдің мердігері «Ақжол-құрылыс». Өздері Ақтау қаласында тұрады. Кезінде тендерді ұтып осында жұмыс істеген. Бұлар кезінде тапсырып кетті. Бірақ ақаулары енді шығып жатыр. Тұрғындардан арыз түсіп жатыр. Егер жасалмайтын болса, біз оларды сотқа беруге құжаттарын жасақтаймыз. Әлі де кепілдік уақыты бар соны күтіп отырмыз.

Мұнайлы шаһардың 270 мыңдай тұрғыны бар. Жыл сайын жаңа ықшам аудандар салынып жатыр. Ендігі мәселе сол жаңа құрылыстарда «Берекедегідей» берекесіздік жалғаспауы тиіс. 

Бұл – қала іргесінен бой көтеріп келе жатқан «Талғайраң» жаңа ықшам ауданы. Бұл арада 1080 пәтерлік 24 көп қабатты үй салынатын болады. Қазірдің өзінде құрылыстың 70 проценті аяқтала келген. Енді аяқталып тұрғаны кәріз және жылу жүйесі. Айтқандай мұндағы бір проблема – осы кәріз жүйесі қаладан қашық болғандықтан, 15 шақырым құбыр тартылуы керек екен. Осы мәселені қазір қалалық әкімдік алдыңғы қателіктерін қайталамас үшін қатаң бақылауға алған.

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы