Алматы облысында жайылым жер тапшы

Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Ешкіөлмес тұрғындары жайылым жер тапшы екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл айналасындағы суармалы жердің бәрі командиттік серіктестікке қарайды.

Қожайындары жергілікті халықтың бірлі-екілі сауын сиырын кіргізбейді екен. Аудан басшылары игерілмей жатқан 10,5 гектар жерді анықтап, құжаттарын тиісті мекемелерге жөнелтті. Енді бос жатқан жер тұрғындардың игілігіне берілуі тиіс.

Қытайдан Қазақстанға оралған көп қандасымыздың бірі Нұрлан Шайқуатұлы Ешкіөлмес ауылына 15 жыл бұрын көшіп келіпті. Қаратал өзені жағалауының табиғатына, суы мен нуына қызыққан ол мұнда мыңғыртып мал ұстап, егіншілікпен айналысамын деп армандапты. Бірақ ол арманының күлі көкке ұшты. Қазір қолдағы екі сауын сиырдың өзін әзер асырап отыр. Себебі ауыл іргесінде жайылымдық жер тапшы. Ал суармалы алқаптардың бәрі жекеменшікке өтіп кеткен.

Нұрлан Шайқуатұлы, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:

Мына қыстың ішінде мал жаяйық десек, жаятын жер жоқ. Жаятын жердің бәріне жер айдап, жер салып тастаған. Жаздың күні мүлдем бидай салып тастайды. Жайылыс жер жоқ. Ана табын бағатын кісі екі күннің бірінде жылап келеді «мынау қуды, жайғызбайтын болды, штраф салады, малды өйтеді, бүйтеді» деп екі күннің бірінде келеді.

Бағдат Бұлымбаев, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны:

– Жайылымдық жер жоқ. Шөп тұрмақ суға тоймайды. Өйткені мына Ащыбұлақ деген жер бар, бұрын әке-шешеміз сол жаққа барып, малдың суын қандырып қайтатын. Қазір, міне, шорт кесіп тастады.

Ешкіөлместің байырғы тұрғыны Алтай Батырбаев ауыл іргесіндегі әрбір егіс алқабының қанша гектар екенін бес саусағындай біледі. Себебі өзі осында ұзақ жылдар бойы бригадир болып жұмыс істеген. «Колхоздың 3,5 мың гектар жері болса, соның 2850 гектары командиттік серіктестіктің меншігіне заңсыз өтіп кетті. Ешкіөлместегі 375 гектар суармалы жердің 22 гектары ғана ауыл тұрғындарына тиесілі. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінен пайда жоқ. Үкіметтегілерден аудиторлық тексеру жасап, жерді халыққа қайтаруын сұраймыз», - деді ол.

Алтай Батырбаев, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны;

– КТ деп атын жамылып отыр, КТ-да дым да жоқ. Сол үшін біздің мына халықтың сұрағы да, ауылдың адамдары кішкене жиналмай қалды. Біз оны жазып та жатырмыз. Бізге мына «аудиторский проверка» жасасын. Біз айта беруден шаршадық.

Аудан басшылары командиттік серіктестіктің ішкі жұмысына араласа алмайтындарын айтты. «Себебі әр кооператив кем дегенде 10 адамның пайымен құрылып, төрағаны өздері сайлайды. Сондықтан біз игерілмей жатқан немесе мақсатсыз пайдаланылған жерлерді анықтап, мемлекет қорына қайтаруға күш салып жатырмыз», - деді Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Гайдар Сапарбеков. 

Гайдар Сапарбеков, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары;

2020 жылы бізде егістік жерлерді өз еркімен шабындыққа ауыстырған жерлер анықталды, 10,5 гектар. Оның жаңағы актілерінің бәрін толтырып, Алматы облысының жерді бақылау мен қадағалау басқармасына ұсынылған. Ол кісілер енді қазір өздерінің шешімдерін қабылдап жатыр. Жайылымдық жерлерді егістікке, не болмаса басқа да мақсатқа пайдаланып жатқан кісілер анықталған жағдайда ол жер мемлекеттің қорына қайтарылып, халыққа берілетін болады.

Алматы облысының жалпы жер қоры – 22 миллион 357 мың гектар. Соның 1 миллион гектары егістік, 6 миллион гектардан астамы жайылымдық жер. Оның да өз қожайындары бар. Ол жекеменшік немесе мемлекеттен жарты ғасырға жалға алынғандықтан, әрине, онда ауыл тұрғындарына мал жайғызбайды.

Бұл – бір ғана Ешкіөлместің басындағы жағдай емес. Алматы облысындағы көптеген елді мекен жайылымнан таршылық көріп отыр. Малдың қысқы жем-шөбі болса күннен күнге қымбаттап барады.

Нұрлан Шайқуатұлы, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны;

– Тоқаевтың сөйлеген сөздерінің бәрі жақсы, қолдаймыз. Бірақ осы төмен жақтағы кісілердің істеп отырған ісіне көмектесіп, осыған бір оң шалса.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов