419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы тұрғыны үйінде сөйлейтін сауысқан ұстайды

  • 168
  • UPD: 21:22, 28.01.2021

Алматы тұрғыны Олег Прохоров көпқабатты үйде сауысқан ұстайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дала құсының қамқор қолда тұрып жатқанына 8 жыл болыпты. Қолға үйренгені соншалық, қазір құстар қожайынның сөзін қайталайды екен. Сауысқанның мұндай ерекше қасиеті барын биолог мамандар да растап отыр.

Алматылық Олег Прохоров «сауысқан ұстаймын деген ойым болған емес», -дейді. 2013 жылы көктемде қатты жел тұрып, үйінің жанындағы биік қарағаштан сауысқанның ұясы құлайды. Серуендеп жүріп көршісі екеуі ауладан баланың жұдырығындай төрт балапанды тауып алады. Өкінішке қарай, сары ауыз балапандардың біреуі ғана аман алып қалыпты.  

Олег Прохоров, қала тұрғыны:

– Сауысқан балапанын әр үш сағат сайын тамақтандырады. Егер ас ішу реті бұзылса, бұл өте қауіпті. Әлсіреген балапанды тірілту оңай болмады. Жүндері де шықпаған қызылшақа еді. Интернеттен қарадым. Шприцпен тамақтандырып, беті бері қарады. Балконда ұстап, бақтым. Ашық болса да, ұшып кетпеді. Негізі сауысқан үш күн адамның қолында тұрса, өзінің бұрынғы ортасына қайтып оралмайды екен.

Олег асырандысына Барсик деп ат қойған. Біраз уақыт өткен соң ол Ксюша атты сауысқанды да қамқорлығына алды. Қанаты сынған қауқарсыз құсты емдеп, қатарға қосқан. Қазір Барсик пен Ксюша еркін ұша алады демесең, нағыз үй құсына айналған. Жалпы, бұл дала құсының табиғатына жат емес. Мамандардың айтуынша, сауысқан өте бейімделгіш құс. Үйретсең, тілі де шығады.

Олег Прохоров, қала тұрғыны:

Адамға өте жақын. Қолға алғанымызға 7 ай болғанда әйелім үйден телефон шалып, сауысқанның сөйлегенін айтты. Мен негізі кез келген нәрсеге сене бермеймін. Үйге келдім. Сауысқаным үнсіз отыр. Бір уақытта Барсик, Барсик деп сайрай жөнелді. Қазір түшкірсең де, жөтелсең де қайталайды.

Сауысқанға қатысты халқымызда ырымдар да кездеседі. Сергек жандарға «сауысқандай сақ» деп теңеу айтады. Сауысқан шықылықтаса, қонақ келеді деп жорыған. Дала құсының ерекшелігін ғалымдар да зерттепті. Айтуларынша, сауысқан – қарға тұқымдастардың ішіндегі ең отырықшы құс. Сондай-ақ ерекше зейінге ие. 

Алмат Абаев, Зоология институтының ғылыми қызметкері:

Сауысқанға қатысты бірнеше тәжірибе жүргізілген. Ол айнадан өзінің бейнесін танитын жалғыз құс. Олардың тіпті санай алатын қабілеті барын ғалымдар дәлелдеген. Сонымен қатар сауысқан ағаштың бұтағымен ұясын сыпырып, қажетсіз қоқыстан тазарта алады.

Тағы бір қызық дерек, сауысқандар жылтыр затқа құмар келеді екен. Бір уыс жаңғақ пен жылтырақ сымдар, жіптер қойылған тәжірибеде дала құсы тағамнан гөрі, көзге түсер жылтыраққа көп көңіл аударған. Мұндай заттарды ол ұя салуға пайдаланады екен.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы