Мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеуге құлықсыз 

Батыс Қазақсан облысында эпидемиологиялық жағдай мәз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 93 тұрғыннан қатерлі індет белгілері анықталған. Қаулы бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің 80 проценті қашықтан жұмыс істеуі тиіс еді. Алайда, бұл талап орындалмайды. Мемлекеттік қызметшілер қашықтан жұмыс істеуге құлықсыз. Мәселен, облыстық статистика басқармасындағы 70 қызметкердің 52 проценті ғана қашықтан қызмет атқаруға көшкен. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасындағы 34 қызметкер түгел кеңседе отыр. Өзге мемлекеттік мекемелерде де жағдай осы. 

Нұрлыбек Мұстаев, Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Кейбір мемлекеттік мекемелерде эпидемиологиялық тергеу барысында науқасты анықтаған кезде көбі жұмыс орнында отырғаны байқалады. Сондықтан, мониторингтік топтардың жұмысы осы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерге мониторинг жүргізіп, осы қаулының орындалуы тексерілетін болады. Егер қаулы орындалмаса, онда мемлекеттік мекеменің бірінші басшылығына жауапкершілік қарастырылатын болады.