Өсімдіктердің қауіпсіздігін анықтайтын отандық зертханалардың базасы сын көтермейді

Жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық қызанақ пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге тыйым салынғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай сауда соғысында тауардың сапалылығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу маңызды. Ал біз он жыл бойы өсімдіктер қауіпсіздігін анықтайтын зертханалық жұмысты жөнді ұйымдастыра алмай келеміз. Зерттеудің қазіргі әдістерін меңгерген кәсіби мамандар да жоқтың қасы. Тіпті қызанақ пен бұрыштағы сол вирусты талдау үшін ПТР тестілерін Ресейден, яғни бізге сауда кедергілерін тудырып отырған елден сұрап алдық. Егер өз бизнесімізді қорғап, одақтың толыққанды мүшесі болғымыз келсе, жоғарыда аталғанның бәрі өзімізде болуы керек дейді депутат.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мен осы ретте мен бұл жұмысқа жауапты лауазымды тұлғаларға кеңес бергім келеді. Мәскеуге барып, Бүкілресейлік өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының қалай жұмыс істейтінін көрсеңіздер, біздің қаншалықты артта қалғанымызды түсінер едіңіздер. ГМО өнімдерін зерттеу жүйесіндегі жағдай да осындай. Сондықтан Қазақстанға гендік модификацияланған тамақ өнімдерінің және тұқымдық материалының кіру қаупі өте жоғары.