Атырау облысында жүгенсіз жүргізушілер азаймай тұр

Атырау облысында 2 күн ішінде 1000-нан астам көлік жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылдамдықты асырып, қауіпсіздік белдігін тақпайтындар, тіпті көлікті мас күйінде басқаратындар да көбейген.

Қала – қайнаған қозғалыстың ортасы. Жол жиегіндегі әр белгінің өз маңызы бар. Ал оларды назарға алмайтын жүргізуші мына ақ түсті Киа маркалы автокөлігі секілді тәртіп сақшыларының назарына ілігеді.

2 күн ішінде жауапкершілікке тартылған мыңнан астам жүргізушінің көбі – жылдамдық асырғандар мен қауіпсіздік белдігін тақпағандар. Сондай-ақ жаяу жүргіншіге жол бермеген 100-ден астам жүргізуші анықталған. Оған қоса, 7 жүргізуші көлікті масаң күйде басқарыпты. Оларға заң шеңберінде шара қолданылып, хаттама толтырылған.

Таңат Кеңесов, облыстық ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Мүдделі мемлекеттік органдар бірлесе отырып, яғни кіріс департаменті, көлік бақылау инспекциясы, ҚазАвтоЖол мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы өткізіліп отырған жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде 2 күннің қорытындысымен қазіргі таңда 1000-нан аса құқықбұзушылық анықталып отыр.

Мұнайлы өңірде жүгенсіз жүргізушілердің саны артқанын рейдке шыққаннан-ақ байқадық. Бірі қауіпсіздік белдігін тақпаса, кейбірі көлік басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескен.

Мұнайлы өңірдегі жүгенсіз кеткен жүргізушілердің кесірінен жол-көлік оқиғасы да жиілеп барады. Соңғы бір ай ішінде 22 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Айта кетейік, заңбұзушылықтар көбіне түнде болады. Көлікті мас күйінде басқаратындар да сол уақыттарда анықталып отыр. Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жүргіншілерді өзінің де, өзгенің де өміріне салғырт қарамауға шақырады.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин