Биыл Шымкентте жеке баспана салуға жер телімдері берілмейді

Бұл жөнінде қалалық сәулет және жер қатынастары басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір кезекте тұрғандардың саны 120 мыңнан асты. Сала мамандарының айтуынша, бос жатқан аумақтар бар, бірақ қажетті инженерлік желілер тартылмаған. Жер туралы заңға сәйкес әр азамат тегін 10 сотық жер алуға құқылы. Сондықтан жергілікті әкімдікте шымкенттіктердің өтінімдері қабылданып жатыр. Алайда 12 жылдан бері жер кезегі жылжыған емес.

Мұрат Әбдірахманов, қалалық сәулет және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер қазір жер телімдерін үлестірсек, тұрғындар тарапынан су, электр жарығы қайда деген сұрақтар легі толастамайды. Ондай жағдай туындамас үшін алдымен инфрақұрылым жеткізіп алу қажет. Сол себепті де Шымкентте 2008 жылдан бері жер кезегі жылжымай тұр.