А.Шпекбаев пандемия кезіндегі жемқорлық туралы: Бұлар нағыз сатқын!

«Astana LRT» қаржысын жымқырғандар кемі 10 жылға сотталуы мүмкін.

Қазір күдікке іліккен 7 адамның ісі сотта қаралып жатыр. Тағы екеуі халықаралық іздеуде. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі олардың ізіне түскен. Шымкенттегі модульдік аурухананы салғандар да ақша ұрлаған болуы мүмкін. Құзырлы орган өкілдері бұл жайтты жіті тексеріп жатыр.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Осы күні елде емі табылмаған екі індет бар. Бірі – алты құрлыққа ауыз салған коронавирус. Екіншісі жең ұшынан жалғасып жатқан жемқорлық. Соңғысы тіпті қауіпті ме дейсің... Құлқы қамын күйіттегендер жұрттың көз-жасына қарамады. Бұқара былтыр кесел жұқтырып, шетінен бүк түсіп жатқанда бұлар аранын ашып, ақша біткенді аш қалғандай асап жатқан.

Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Пандемиямен байланысты 100 қылмыстық іс тіркелді. Оның жартысына жуығы дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражатты жымқыру.

Жұрт дәрі-дәрмектен қағылды. Тыныс алдыратын аппаратқа қол жеткізе алмады. Осының кесірінен қаншама адам бақиға аттанды. Жемқорларды желкелеп жүрген агенттік басшысы бұларды «нағыз сатқын» деді.

Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, қалтасын толтырып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіеті арқылы баю сатқындық пен адам өлтірумен тең.

Бар дәріні қоймада сақтап, елді өлімге итермелеген басшылардың бар былығы қазір белгілі болып жатыр. Айталық, «СҚ-Фармацияның» бұрынғы төрағасы 8 млрд теңге жымқырды деген күдікке іліккен. Оның ісі жатқында сотқа жолданады. Індет жұқтырған науқастарға арнап модульдік аурухана салғандар да қолдарын кірлепті. Өткенде Алматыдағы құрылысты айтып еді, енді Шымкенттегі емдеу мекемесін салғандар заң қырына ілініп отыр.

Мұрат Ахметов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің басшысы:

- Модульдік жұқпалы аурулар ауруханасына байланысты екі іс жүргізіліп жатыр. Ол Шымкент аумағымен және Алматы қаласында. Оған байланысты тиісті сараптамалар тағайындалған. Соның қорытындысы шыққан соң кінәлі адамдар заңды түрде қылмыстық жауапкершілікке тарытлады.

Балықтың басынан шіритіні белгілі ғой. Былтыр лауазымды қызмет атқарған 210 адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын естіп жатырмыз. Солардың арасында облыс басқарған әкімдер де, комитет ісін жүргізгендер де, тіпті осындайларға жаза кесетін судьялар да бар екен. Енді міне, министрге орынбасар болғандары табылып жатыр.

Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Қазіргі уақытта 5 вице-министр мен 5 комитет төрағасы және олардың орынбасарларына, сонымен қоса квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істер тергелуде.

Қолға түскен осындай күдіктілерден ақшаның бір бөлігі өндірілген. Былтыр қазынаға қайтарылған қаражат көлемі 50 млрд теңгеден асыпты. Бірақ ЛРТ құрылысына жауапты болғандардың қолдан сабын ұқсап сусып кеткені қынжылтып отыр. Ұсталған жеті адамның ісі сотта қаралып жатыр. Қалған екеуін интерпол іздестіруде.

Сергей Перов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің басшысы:

- «Astana LRT» ісі қазір сотта қаралып жатыр. Компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің орынбасары болған Қанат Сұлтанбековқа интерпол желісі бойынша іздеу салынды. Олардың қайда екенін білеміз деп айтуға болады. Қазір өзге де құзырлы орын өкілдерімен күдіктілерді қолға түсірудің амалын қарастырып жатырмыз.

Күдіктілердің қылмысы дәлелденсе, кемі 10 жылға сотталуы мүмкін. Нақты шешімді сот шығарады. Елдегі жемқорлықпен күресіп жүргендер «жүйелі жұмыс жалғасын табады» деді. Былтыр олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қап қаржатты қалталарына басып келген 4 бірдей ұйымды анықтаған. Мұндай мысалдар көп енді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Марат Диханбаев