Әдебиет пен өнер саласындағы 75 қайраткерге мемлекеттік стипендия табысталды

Алматыда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2020 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сый-сияпатты еліміздің әдебиет пен өнердегі 75 қайраткері алды. Олардың қатарында Әбдіжәміл Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов сынды танымал тұлғалар бар. Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев І дережелі «Барыс» орденімен марапатталды. 85 жасқа толған Сәбит Қоңырбайұлы саналы ғұмырын театрға арнап, 100-ден аса рөлде ойнаған. «Nomad Stunts» каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев арнайы құттықтауларын жіберді. Мемлекетіміз індетке және оның себебі ғаламдық экономикалық дағдарысқа қарамастан жұмыла еңбек етумен қатар ізгілікті рухани шараларды да одан әрі жүзеге асырып, мәдениет-руханият саласына қажетті мән беріп, жан-жақты қолдау көрсетуін одан әрі жалғастыруда.

Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық әртісі:

- Еткен еңбегімізді бағалап, көңілімізді көтеріп, сол еңбектің жемісі деп кеудемізге тағып жатсыздар. Рахмет! «Сыйластық тіршілікте сыйланғанмен», дейді қалай келіп қалғанымызды білмей қалдық 85-ке.