БҚО-дағы білім ошақтарында 14 сынып карантинге жабылды

Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 104 адам коронавирусқа шалдыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қызыл» аймаққа енген облыста эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Ауру жұқтырғандар арасында мектеп оқушыларының күрт көбеюі алаңдатады. Қазіргі таңда аймақтағы білім ошақтарында 14 сынып карантинге жабылды. Қатерлі індетке шалдыққан 114 оқушы емделіп жатыр.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Оқушылар арасындағы жағдайға тоқталатын болсақ, жалпы мына оқушылардың жағдайын өздеріңіз білесіздер, үшінші тоқсан басталғалы 11 қаңтардан бері 91 жағдай тіркелді. Қазіргі кезде облыс бойынша қала мен аудан бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулысымен 14 сынып карантиге жабылды.