Түркістан облысында 40 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр

Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқын алғанымен, кезекте тұрған адам саны азаяр емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір облыс бойынша баспанасын күткен азаматтар 40 мыңнан асады. Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Нұрлы жер» бағдарламасын кей өңірлер дұрыс орындамай жатыр» деген еді.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түркістан қаласының тұрғыны Роза Қиқымбаева екі баласымен жылдар бойы мына қуықтай бөлмені жалдап тұрады. Жалғызбасты ананың жайлы үйді жалға алуға шамасы жоқ. Тапқан-таянғаны шиеттей екі баланы асырауға әзер жетеді.

Роза Қиқымбаева, қала тұрғыны:

- Тұрып жатқан үйім мынау, қыстыгүні суық болады. Асты бетон. Сонда да амал жоқ, 37 мыңымды әрең жеткіземін.

Түркістанда баспанаға мұқтаж Роза секілді 12 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы қалада 776 адам ғана баспаналы болған. Ал облыстың өзге аудандарында 794 пәтерлі, 15 үй пайдалануға берілген. Түркістан өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы асында жүктелген міндеттер толық орындалмаған.

Сәбит Табылдиев, облыстық құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің басшысы:

- 2020 жылы Түркістан қаласында 24 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жоспар бойынша жыл соңында барлық үй пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда жаһандық пандемияға байланысты жұмыс күшінің азаюы болып, 24 тұрғын үйдің 12-сі аяқталып, 660 пәтер дайын тұр. 2021 жылдың бірінші жартыжылдықта қалған үйлердің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі.

Жалпы қазір Түркістан облысында 40 мыңнан астам тұрғын баспана кезегінде тұр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы