416,57 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» арнасының Украина мен Израильдегі тілшілері интернет-алаяқтың жолын кесті

  • 194
  • UPD: 22:55, 29.01.2021

Журналисті алдамақ болған ұры ұсталды. «Хабар 24» арнасының Украина мен Израильдегі тілшілері интернет алаяқтың жолын кесті.

Киевтегі журналист Аида Қыдырбайдың телефонын ұрлаған алаяқ тілшінің достарына жалған хабарлама таратып, төрт күн бойы ақша сұраған. Хабарламаның бірі Израильдегі тілшімізге де жіберілген. Бірақ жеңіл жолмен ақша тапқысы келген алаяқтың әрекеті әшкереленді.

Аида Қыдырбайдың Украинада тұрып жатқанына жеті жыл болған. Сол жақта оқып, жұмыс істеп, отбасын құрған әріптесіміз жақында алаяқтың арбауына түскен. Шытырман оқиға полиция учаскесінде басталыпты. Аиданың бес жасар қызы гимнастикада бұғанасын сындырып алған. Салдарынан жаттықтырушының жұмысына көңілі толмаған ана полицияға барады. Ал тергеушімен сөйлесіп отырғанда оқиғаның бас-аяғын естіген бір ер адам келіп, мәселені шешуге көмегін ұсынады. Әңгіме барысында жаңағы адам қоңырау шалу үшін Аидадың телефонын сұрап алады. Ал кейін техниканы ұрлап, ізім-ғайым жоқ болып кетеді.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Жәй ғана телефоным ұрланды дейтін оқиға емес, ұры ары қарай менің телефоным арқылы достарымнан ақша сұруын 4 күн бойы жалғастырған. Ал менің айфонымды ол бірден өзінің бағасынан 10 есеге төменге сатып жіберген.

Бірақ телефонды сатпас бұрын алаяқ Аиданың нөмірі арқылы өз құрылғысында «Телеграмды» ашып алған. Кейін оның достарынан ақша сұрай бастаған.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Достарымнан емханада жатырмын, операцияға ақша керек деп сұраған. Енді біреуден, құжатым жоғалды, жүріп тұруыма ақша бер деп сұраған. Енді бір досымнан, ұрыдан телефонымды сатып аламын деп те ертегі айтқан. 50 ге жуық достарыма хат жазған.

Осындай жалған хаттардың бірін біздің Израильдегі әріптесіміз Сергей Ауслендр де алған. Аида мен Сергей әріптес ретінде жиі байланыста екенін атап өту керек. Өз кезегінде Аида кәсіби журналист болғандықтан хабарламаларды сауатты жазады. Ал алаяқтың жазған сөйлемдерінде қателіктер байқалған. Содан да болар Сергей хабарламалардың шынайылығына бірден күмәнданған.

Сергей Ауслендр, тілші:

- Біріншіден, ол «телефон жоқ» деген сылтаумен қоңырау шалып сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ қазір sim-карта алып бірден байланысқа шығу оп-оңай. Екіншіден, жазу мәнері өзгерді. Сонда мен мәселенің мән-жайын түсіну үшін уақыт соза бастадым. Екі күннен кейін әлеуметтік желідегі парақшаларының бірін қалпына келтірген Аиданың өзі маған байланысқа шығып, телефоны ұрланғанын хабарлады. Алаяққа ақша жіберме деп ескертті. Сосын біз барлау қызметкерлері сияқты «радио ойын» жүргіздік. Алаяқтың әрекеттерін бірден әшкерелемей, жақын арада ақша аударамын деп тағы уақыт создым. Осы аралықта біздің хабарламалардың көшірмесін Аиданың өзіне жібердім. Ол Украина полицейлеріне жолдады. Алаяқты іздеп жатқанда мен уақыт создым. «Ақша аударуға барсам, банк істемейді, қосымша реквизиттер керек» дегендей түрлі сылтау айттым. Ұры соған сеніп күтті.

Алаяқтың ақша аударуға жіберген банктік карточкаларының бірі арқылы Украина полицейлері ұрының ізіне түскен. Сол карта арқылы алаяқ хостелдің ақшасын төлеген екен. Оның ұсталған жері де сол болды.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды, ең алдымен телефонға және ондағы маңызды ақпаратты парольмен сақтау керек. Face ID қазір маскамен ыңғайсыз, дегенмен, телефонды қолдың мөрі арқылы да парольдап қоюға болады. Әң басты сабақ, әрине, мұқият болу. Тағы бір байқағаным, менің сүйікті арнам, әріптестерім бірден көмекке келді. Бұл каналда бәріміз бір үйдің адамы сияқтымыз, жанұядай. Қиын кезде менің әріптестерім жанымнан табылды.

Журналистерді алдауға тырысқан алаяқ ұсталды. Бірақ Украина заңына сәйкес ол жазасын бостандықта күтеді. Ал Аида Қыдырбай: «жан досыңыз қысылып тұрмын, қаражат керек деп хат жазса да, бір қоңырау шалып дауысын естімегенше ешқандай ақша жіберуге асықпаңыздар» деп кеңес береді.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы