Ақтөбелік волонтерлер баспанасыз жандарға ыстық ас үлестіріп жүр

Ақтөбелік волонтерлер қаңғып қалған жандарға бір мезгіл ыстық тамақ беріп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл іске атсалысушы азаматтар қатары артып келеді. Волонтерлерді қарапайым тұрғындардан бастап түрлі кәсіп иелері қолдады. Белсенді жандар күніне шамамен 30-ға жуық адамды тамақтандырады.

Айнұр Қыдыралина волонтерлік бірлестікке осыдан 2-3 апта бұрын ғана қосылған. Осы уақыт аралығында баспанасыз жандар жиналатын орындарды бес саусағындай жаттап алыпты. Күнделікті кешкілік шаһар көшелерін аралап, қайырымды азаматтардың қаражатына алынған ыстық асты үлестіреді.

Айнұр Қадыралина, волонтер:

- Негізі әр күнге әртүрлі сан болады. Бірақ бүгін біз 15-20 деп санап келдік. Жоқ-жұқа адамдар. Олардың үйлері де жоқ, тумалары да жоқ, достары да жоқ. Бірақ біз енді волонтер болғасын көмегімізді беру керекпіз.

Әдетте қыс түсе өңірдегі ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығына бас сауғалап келушілер қатары артады. 65 орынға шақталған мекемеде 4 мезгіл ас беріліп, медициналық, психологиялық және құқықтық қолдау да көрсетіледі. Алайда қаңғыбастық өмір салтына қалыптасқан тұлғалар бұл жерге тұрақтағысы жоқ. Сондықтан әлеуметтік мекеме уақытша түнеп кететін орын ұйымдастыруға мәжбүр болған.

Райса Дармышева, әлеуметтік қызмет маманы:

- Қаңғыбастық өмір салтын өзгерткісі келмейтін тұлғалар деп айтамыз оларды. Олар мына біздің орталыққа келіп, ішкі тәртіпке бағынып, күнделікті күн тәртібіне бағынғылары келмейтін адамдар ғой. Олар өздері келіп, күндіз далада жүреді, кешке тек түнеп кетеді. Таңертең олар шығып кеткеннен кейін дезинфекциялап, кварцтап, кешке дейін дайындап қоямыз.

Ал, таң қылаң бере олар қала көшелеріне қайтадан бет алады. Көбі спирттік ішімдікке жақын болғандықтан қоғамдық тәртіпке енжар қарайды. Бұл жағдайда волонтерлерге полиция инспекторлары көмекке келеді. Мәселен, өткен жылдың соңғы тоқсанында тәртіп сақшылары ұйымдастырған жедел алдын алу шарасы аясында 146 үйсіз адам қайта әлеуметтендіру орталығына жеткізілген. Алайда олардың тек бесеуі ғана орналастырылды. Қалғандарының үйлері бар болып шыққан. Мамандардың есебіне сүйенсек, орталыққа жеткізілген азаматтардың тек 10%-і ғана түзеледі. Қалай дегенмен де, қайырымды жандардың қарекеті керек-ақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков