«Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жалғасады

Ақтаудан 4 шақырым жердегі «Қошқар ата» қалдық қоймасының 40 гектарына сексеуіл егіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік сатып алу конкурсы да жарияланды. Жеңімпаз мекеме қойма айналасын 2023 жылға дейін қоршап, жасыл желекке айналдыруы тиіс. Аталған жобамен Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев танысты. 2017 жылы «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтірудің І кезеңдегі 4 жылдық жобасы бекітіліп, мемлекеттен 17 млрд-қа жуық қаржы бөлінген еді. Нәтижесінде қойманың 88,2 гектар жеріне 240 мың түп сексеуіл егілді. Былтыр осы жұмысты жалғастыруға қазынадан тағы 100 млн теңге бөлінді. Алайда, әлі күнге дейін ештеңе жасалған жоқ. Кезінде Каспий тау-кен металлургия комбинаты 105 млн тонна радиоактивті қалдық көмген қойма маңындағы елді мекендерде 372 мың адам тұрады.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Былтыр конкурс болған кезде екі потенциалды мердігер бір-бірімен соттасып, өкінішке қарай, басталмай қалды. Дегенмен, қазір әкімшіліктің мәліметі бойынша соттың шешімі бар. Енді жұмысты бастауға ешқандай да кедергі жоқ. Әкімнің айтуынша, келесі дүйсенбі күні осы мердігермен жиналыс өткізілетін болады. Және де осы ақпан айынан бастап осы жұмыс басталады. 17 млрд-қа жуық қаражат соның 90%-і республикалық бюджеттен және 10%-і жергілікті бюджеттен. Бұл жоба әкімшіліктің құзырында, дегенмен, біздің министрлік оны жіті қадағалайды.