Қақтығыс аймақтарындағы балаларды отанына қайтару мәселесі талқыланды

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі мен ресейлік әріптестерінің ұйымдастыруымен «қақтығыс аймақтарындағы балаларды репатриациялау және отанына қайтару» тақырыбында арнайы бейнеконференция өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпсіздік кеңесіне мүше мемлекеттер мен жүзге жуық шетелдік сарапшылар балаларды қауіпті аймақтардан құтқару мен қоғамға қайтару жолдарын талқылап, өз ұсыныстарын айтты. Жат ағымның жетегінде кетіп жатқандар өзінің ғана емес, балаларының да өмірін қатерге тігетінін ескерсек, бұл бастаманың пайдасы зор деуге болады. Ал Қазақстанның бұл істе тәжирибесі бар. Мәселен, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Норвегия сияқты мемлекеттер Қазақстанның халықаралық орнын ерекше атап өтіп, қазақстандық мамандардың өзге елдерге үлгі боларын айтты.

Вирджиния Гамба, БҰҰ Бас хатшысының Балалар және қарулы қақтығыс жөніндегі арнайы өкілі:

– Қарулы қақтығыс аймақтарындағы балалардың тағдырына бей-жай қарап отыра алмаймыз. Олар бақытты балалық шақ түгілі болашақтарына да күмәнмен қарайды. Біздің мақсат – соларға көмектесу, сенім ұялату, тығырықтан шығар жол іздеу. Балалар біздің болашағымыз дейміз. Оларды шектен тыс жұмысқа салуға, еркінен айыруға жол бермеуіміз керек. Осы басқосуға себепкер болып отырған Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігіне және ресейлік әріптестерге алғыс айтамыз.

Мағжан Ілиясов, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Қақтығыс аймақтарындағы балалардың жазығы не? Олар тек әке-шешелері жасаған қылмыстың құрбаны ғана. Сәбилер қауіп-қатердің ортасында жүріп не көрмеді дейсіз. Өлім-жітімді де, қиянат, зомбылықтың әртүрін көрді. Жауған оқты, түскен бомбаны көрді. Салдарынан психологиялық зардап шегеді. Енді сол балаларды құтқару жолында жұмыс істеуіміз керек.