Жамбыл облысында вакцинация өзге өңірлерге қарағанда кеш басталады

Жамбыл облысында тұрғындарды жаппай вакциналау өзге өңірлерге қарағанда кеш басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда ресейлік екпелер ақпан айының ортасына таяу жеткізіледі. Вакциналау жұмыстары бірінші болып «қызыл аймаққа» кірген өңірлерде жүргізіледі. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді.

Қазір аймақта науқанға дайындық қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 40 маман арнайы дайындықтан өткен. Екпе жасалатын 575 арнайы бөлме әзірленді. Сондай-ақ шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін 10 ауданда жылжымалы бригадалар жасақталып жатыр. Облыс бойынша 18 бен 64 жас аралығындағы 600 мыңға жуық адам вакциналанбақ. Олардың бір бөлігіне ресейлік, екіншісіне отандық QazCovid-in салынатын болады. Екпе ерікті түрде, кезең-кезеңмен жүргізіледі. Еске салайық, вакцина 18-ге толмаған балалар мен жүкті әйелдерге салынбайды.

Әсет Қалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ең бірінші кезеңде «қызыл аймақта» орналасқан облыс орталықтарында басталады. Жамбыл облысы әзірге «жасыл аймақта». 10-15 ақпан аралығында біз Жамбыл облысында вакцинацияны бастап кетеміз. Бірінші «Спутник V» вакцинасының 5 мың дозасы келу керек.