Павлодарда сотталғандар жаппай маска тігіп жатыр

Павлодардағы түзету мекемелері жаппай медициналық маска тіге бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тігін цехтары үш ауысымда жұмыс істейді. Пандемия басталғалы олар полиция қызметкерлерін қорғаныш киімдерімен қамтамасыз еткен еді. 

Бұл – АП-162/2 мекемесіндегі тігін цехы. Санитарлық талаптарға баса мән берілген. Жұмыс орнына күніне бірнеше рет дезинфекция жасалады. Ал бетперде тігуге аллергия тудырмайтын, вирус өткізбейтін сапалы мата таңдалған.

Жарқын Әлімбаев, жазасын өтеуші:

– Былтырғы жылдың наурыз айынан бастап жұмыс істеп жатырмыз, маска тігегіміз. Ұлттық ұлан, полиция қызметкерлеріне киімдер тігіп жатырмыз.

Бір бригада кем дегенде 400-500 бетперде тігеді. Жұмыс істеуге өтініш білдіргендер өте көп. Бірақ құрал-жабдықтардан тапшылық бар.

Мұхтар Сейітахметов, АП-162/2 түзету мекемесінің басшысы:

– Бүгінгі таңда АП-162/2 мекемесінде 300-ден астам сотталған жазасын өтеуде және бізде өндірістік аймақта 5 цех бар. Онда 100-ден астам сотталған жұмыс атқарады және мына пандемия басталғалы 30 мың маска тігілді. 60 дезинфекциялық тоннель жасалды және 200-ге жуық қорғаныш костюмдер тігілді.

Түзету мекемесінде республикалық маңызы бар орталық соматикалық аурухана орналасқан. Коронавирус сотталғандар арасында тіркелмеген. Соған қарамастан дәрігерлер қауіпті індеттің алдын алып, одан қорғануға дайын екендерін айтады.

Берік Смағұлов, АП-162/2 түзету мекемесі басшысының орынбасары:

– Біздің ауруханада хирургиялық, терапевтік, неврологиялық және онкологиялық бөлімше бар. 2020 жылдың желтоқсан айында өкпені жасанды желдету аппараты бар наркоз беретін жаңа құрылғы алынды. Ол жұмыс сапасын арттыруға сеп болады.

Мекемеде орналасқан өндірістік цехтар тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Қазір залалсыздандыру дәлізі қондырғысына сұраныс жоғары. Ал штативтер  қалалық ауруханаларға тапсырылып жатыр.

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков