Шымкентте коронавирусқа қарсы екпе салу орындары ашылды

Олар қалалық емханалардың ішінде орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай орындар үшін тек мұздатқыш құралдары бар медициналық мекемелер таңдалыпты.

Шымкентте вакцина 6-емханаға жеткізіледі. Ол жерде екпе салдыратын еріктілер тізімі де бар. Алдымен вакцина індет жұқтыру қаупі жоғары орында істейтін қызметкерлерге салынады. Солардың бірі – Ақнұр Жорабекова. Жұқпалы ауру ошағына жиі баратын ол бұл шараға міндетті түрде қатысамын деп шешіпті.

Ақнұр Жорабекова, эпидемиолог:

– Індетке қарсы шараларды орындаймын, сол себепті егілетін вакцинаны ерікті түрде қабылдаймын және өзіме вакцина қабылдау арқылы ешқандай қорқыныш жоқ.

Жақында қалаға препараттың мың дозасы әкелінеді. Оны жеткізу және сақтау талаптары қатаң қадағаланады. Ал ақпанның соңына дейін 30 мұздатқыш құралы алынады. Препараттар қан орталықтарында сақталады.

Алевтина Кужелева, иммунолог:

– Екпе пунктеріне вакцина рефрижератор көліктермен жеткізіледі. Барлық сақтық шарасын сақтау үшін әрбіріне 250-500 дозадан береміз.

Медициналық қызметкерлер екпе салу бойынша алдын ала оқыту курсынан өтті. Мамандар тұрғындармен  вакцинаның сапасы мен тиімділгі  жайлы ақпараттармен бөлісуде.

Зәбира Есенғараева,  эпидемиологиялық  бөлім басшысы:

– РФ қолданды, миллионнан астам еріктілерін екті, одан басқа бұл вакцинаны Беларусь, Аргентина, Сербия мемлекеттері жасатып жатыр, соңғы ақпарат бойынша РФ-на Спутник V вакцинасын алуға тағы елу мемлекет тапсырыс берген.

Қазір қалада қатерлі індетке қарсы екпе салдырғысы келетіндер тізімін жасау жұмыстары жүріп жатыр.

Эльмира Ахметов, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов