Ақтөбелік волонтерлер Сазды су қоймасындағы балықтарды құтқаруға атсалысып жатыр

Олар күн сайын қатқан мұзды ондаған жерден ойып, оттегімен қамтып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар соңғы екі жылда қыстағы қардың мөлшері азайғанын айтады. Салдарынан су деңгейі едеуір төмендеп кеткен.

Қала тұрғыны Игор Шило облыс орталығына жақын орналасқан Сазды су қоймасына жиі келіп, балық аулайтын. Алайда қазір қолындағы қармағын мұз оятын бұрғыға ауыстырып, волонтерлердің қатарына қосылған. Сөйтіп, су асты жәндіктерін қорғау үшін оттегімен қамту ісіне өз үлесін қосып жүр.  

Игорь Шило, қала тұрғыны:

– Мұнда балықтың көп түрі болды. Әсіресе, шортан, табан және мөңкені жиі кездестіруге болатын. Мұнда су деңгейі өте төмен. Оның үстіне мұздың да қалыңдығы біршама. Сондықтан қай балықтың аман қалатыны көктемде белгілі болады. Менің ойымша, қыс мезгіліне төзімді мөңке қалатын шығар.

Су қоймасындағы қызу жұмысы қаңтардың алғашқы күндерінен басталды. Әр жерден үкі ойып, қамыс салудан өзге, кей тұсын көлемді етіп жарып жатыр. Волонтерлар ұйымының жетекшісі, табиғат жанашыры Евгений Лазарчуктың айтуынша, бұл іске баса көңіл бөлу қажет. Себебі мұз астындағы ауаның аздығы мен көмірқышқыл газын бөлетін қалың тұнбаның бұзылуынан көктемде экологияға нұқсан келуі әбден мүмкін. Сондықтан да тиісті ұйымдарға ұсыныс жолдаған.     

Евгений Лазарчук, волонтерлер ұйымының жетекшісі:

– Судағы оттегінің мөлшерін білу үшін экология департаментінің зертханасына өтініш жасадық. Сөйтіп оның көлемінің аз екендігі белгілі болды. Ал қазір «Казводхоз» мекемесіне қыс мезгілінде осы қоймада кем дегенде 5 млн текше метр су қалдыруын сұрадық. Себебі көктем мен жазда саябақтарды суаруға қажет және балық және бақша шаруашылығына да мол қор болар еді.

Ал «ҚазСуШар» кәсіпорны мамандарының айтар өз дәлелі бар. Сазды су қоймасы жеті жарым млн текше метр су сақтауға мүмкіндігі болғанымен, соңғы екі жылда мүлде аз жиналған. Әрі бұл туралы бұған дейін де жауапты мекемелерге ескерту беріп, тиісті іс-шаралар атқару қажеттігін жеткізген. Ал былтырғы көктемде келген қар суы айналасындағы 10 бау-бақша ұжымының пайдалануына ғана жетіпті. Қазіргі көлеміне қарап қойманы су тоғанымен салыстыруға болады дейді.  

Мақсат Разбаев, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының инженер-гидротехнигі:

– Қазіргі мезгілде мына су қоймасында 830 мың текше метр су бар. Біз өткен жылдың 20 қыркүйек айынан бері ешқандай су пайдаланушыларға су жіберіп жатқан жоқпыз. Су жабық тұр. Көктемді күтіп отырмыз. Қар суының келуіне байланысты. Если су мол келіп жатса, онда су пайдаланушылардың санын көбейтеміз. Егер судың келмеуіне байланысты онда тағы да шектеулі режим қолданамыз.

Бүгінде облыс бойынша 11 су қоймасы бар. Оның сегізі жекенің қолында. Бірақ өңірдегі су айдындарының барлығында да мұз ойып, астын оттегімен қамту жұмыстары тұрақты жолға қойылған.

Береке Тоғаев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Су деңгейі таяз 30 су айдынында осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ырғыз, Мәртөк, Қобда ауданында осындай таяз су айдындары бар. Соған байланысты барлық шаралар қолданылып жатыр. Сонымен қатар осы жұмыстарға біздің облыстық тұрғындары, табиғат жанашылары, соның ішінде эко белсенділер, әуесқой балықшылар атсалысуда.

Ал өзен-көлдердегі судың қоры мол болуы үшін мамандар алдағы айлардың қарлы болғанын қалап отыр. Себебі желтоқсан мен қаңтарда жауған мөлшері көктемде арналарды толтыруға аздық етеді дейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев