Шымкенттегі қоғамдық көлік жүргізушілері әдеп курсынан өтеді

Шымкенттің қоғамдық көлік жүргізушілері сыпайы болуды үйренеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар үшін арнайы тәлім-тәрбиелік курс өткізілмек. Жақсы әдетті бойына сіңіру сабағына 2 мыңдай адам қатысады. Соңғы уақытта жолаушылар тарапынан автобус жүргізушілерінің дөрекілігі жөнінде арыз-шағым көбейіп кеткен. Тұрғындар сұрағына дұрыс жауап қайтармай, бір-бірімен жарысып, тіпті жаға жыртысуға дейін баратын шымкенттік жүргізушілердің әлеуметтік желіде талай «жұлдыз» болғаны белгілі.

«Енді әдеп курсынан өткен соң тәртіпке көнбесе, жұмыстан шығаруға тура келеді», - дейді диспетчерлік қызмет орталығының мамандары. Автобус жүргізушілері, сондай-ақ психология негіздерін оқып, алғашқы медициналық көмек көрсетуді меңгереді. Жолаушылар жаңа бастамаға жүгенсіз жүргізушілерді сабасына түсіреді деп үміт артып отыр.

Дархан Қуанышбеков, «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ басшысының орынбасары:

- Жүргізушілердің дөрекілігі жөнінде жолаушылардан түскен арыз-шағым толастар емес. Кондукторлардың да тәртібі жетісіп тұрған жоқ. Сол себепті осы оқу орталығын ашуды қолға алдық.