ШҚО-ның шекаралық аймақтарына жастар оралып, мал шаруашылығын дамытып жатыр

Шығыс Қазақстан облысының шекаралық аймақтарына жастар оралып, мал шаруашылығын дамытып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың бірі – Үржар ауданы Қаратал ауылында тұратын Аманжол Дайыров. Елордадағы тәп-тәуір қызметін тастап, ата кәсіпті жалғастыру ниетімен туған елге оралған іскер жігіт бүгінде қорасын қойға, жайлауын жылқыға толтырып отыр. Мемлекет қолдауымен техникалар алыпты. Ендігі мақсаты – «Сыбаға» бағдарламасы арқылы асылтұқымды ірі қара сатып алып, бордақылау алаңын ашу. «Бүгінде ауылда игерілмей жатқан бос жер жоқ, мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді», дейді әкімдіктегілер.

Қараталдық Аманжол Дайыров жоғарғы инженерлік мамандық алған соң Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы ірі құрылыс компанияларында 7 жыл жұмыс істепті. Дегенмен, жусанның иісі мен кең даланы сағынған жігіт отбасымен 3 жыл бұрын туған ауылына оралған. Ата кәсіпті дөңгелетуге әкесінің де көмегі көп тигенін айтады. Бүгінде осы маңайда қорасы малға толған беделді шаруа қожалығына айналды.

Аманжол Дайыров, шаруа қожалығының жетекшісі:

- «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қазақ атам бекер айтпаған ғой. Қойдың бағасы да биыл жақсы болып тұр. Жоқ дегенде тоқтылардың өзі 35 мыңнан өтіп тұр ғой. Ол бірталай ақша ғой. Осы карантин кезінде дәл осы ауылдарда малы бар адамға аса қатты сезілген жоқ. Бізге дағдарыс та аса қатты сезілмейді, шынын айтқанда. Жүн өңдейтін, тері өңдейтін зауыттар салынса дейміз, біздің ауданымызда мал шаруашылығы жақсы дамыған, барлық жердегі проблема осы. Тері өткізу, жүн өткізу мәселесі оң шешімін тапса дейміз.

Іскер азамат мемлекет қолдауымен лизингке 2 трактор алған. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 100 бас асылтұқымды сиыр алып, бордақы алаңын ашуды көздеп отыр. Жергілікті әкімдік жер мәселесін де шешіп беріпті. Еңбегімен елге сыйлы болған азамат ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға да қарайласып тұрады екен.

Аманжол Дайыров, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Еш өкінбеймін, осы ауылға келіп, өзімнің бір үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Өз ауылым, өз жерім. Жастарға айтарым, ауылға келсін істесін, ауылда барлық жағдай бар, бұрынғыдай емес. Бұл мал шаруашылығын бастағанда талай қиындықтар болды ғой, болмады емес. Ең бастысы, қиыншылығына шыдап, барлығына төзіп істесе болғаны.

Қайырхан Ноғаев, Қаратал ауылдық округінің әкімі:

- Жастар тұрақтаған, бүгінгі күні басқа ауылдардан, елді мекендерден біздің округімізге көшіп келіп, кішігірім кәсіптерін ашқан жастар да жоқ емес. Атап айтқанда, ауылда тойхана, құрылыс материалдарын шығаратын цехтар ашылды, наубайхана ашылды. Соңғы 3-4 жылдың ішінде мемлекеттік «Жұмыспен қамту» жол картасы бағдарламасы шеңберінде 27 азаматқа 3 миллион теңгеден Үкіметтің жеңілдетілген 6%-тік несиесін әпердік. «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде қожалықтар өздерінің шаруашылықтарын ары қарай дамыту үшін алды 10 миллионнан 20 миллионға дейін ұсақ мал, ірі қара өсіруге несие алған шаруа қожалықтары бар.

Ауылға жастар тұрақтаған сайын мектептегі бала саны да өсіп келеді екен. Осындағы 30 жыл жөндеу көрмеген орта мектептің де биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы есік, терезесі ауыстырылып, жылу жүйесі ретке келіпті. Оған қазынадан 22 миллион теңге бөлінген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...