Елорда әуежайында аутизммен ауыратын жолаушыларға ерекше жағдай жасалады

Ақыл-есінде аздап ауытқуы бар науқастар енді кезек күтпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға арнайы бейдж беріледі. Сол арқылы ұшу залына еш кедергісіз өте алады. Оларды әуежай қызметкерлері ертіп жүреді. Осыған дейін мұндай жағдай тек мүгедек жандарға ғана жасалып келді. Енді аутизм, деменция, альцгеймер сынды диагноз қойылған адамдарға да осындай қамқорлық көрсетіледі. Бұл әдіс әзірге елорда әуежайында ғана қолданылады. Алдағы уақытта өзге өңірлерге осы тәжірибені енгізу көзделіп отыр.

Гүлмира Торғаева, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы жолаушы тасымалы бөлімінің қызметкері:

- Аутистік спектрі бұзылған науқастар бізге 2 күн бұрын өтініш береді. Сол арқылы біз оларға қызмет көрсетеміз. Арнайы техникалық нұсқаулық әзірленген. Әуежай қызметкерлері ондай жолаушыларды ұшу залына дейін ертіп жүреді.