Қостанай облысының ауылшаруашылық паркі ескірген

Қостанай облысының ауылшаруашылық паркі ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Трактор, комбайндардың 70 проценті 10 жылдан аса уақыттан бері қолданыста. Шаруалар көлік паркін жаңарту үшін 25 проценттік субсидия алады. «Алайда нарық бағасының шарықтап кетуіне байланысты бұл көмек аздық етеді», - дейді мамандар.

Мынау – машина-трактор шеберханасы. Мұнда негізінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Көктемгі дала жұмыстарына дейін шеберханадан 30-дан астам түрлі техника жөнделіп шығады екен. Олардың арасында ескі техникалар да жоқ емес. Мысалы, Кировец тракторы заводтан 30 жыл бұрын шыққан. Бірақ әлі күнге дейін жергілікті шеберлердің арқасында жұмысқа жарамды.

Механизатор Виктор Замула бірнеше жыл бұрын тізгіндеген тракторының жағдайына әбден қанық. Талай рет өзі бөлшектеп, жинаған. Бірақ қанша дұрыстап құрағанмен, ауыр жұмыстарға жегілетін алып трактордың сиқы кете бастағандығын байқау қиын емес.

Виктор Замула, механизатор:

Әбден тозығы жеткен ғой. Қанша күтіп ұстасаң да, әр жері бір сыр береді. Қосалқы бөлшектердің сапасыздығы тағы бар.

Заречный шараушылығының астық алқабы 12 мың гектардан астам. Төрт дән сепкіш кешені бар. Оның екеуі былтыр алынған. Қалған техникаларды жаңа деуге әсте келмейді. 

Мұрат Арыстанов, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі:

– Темір де ескіреді дейді ғой, көбісі сынады. Қолымыздан келгенше цехтарымыз бар, мотористеріміз бар өзіміздің күшімізбен көп жөндеу жұмысын өзіміз жасап жатырмыз.

Қазіргі кезде шағын шаруа қожалықтары түгіл, іргелі серіктестіктердің де жаңа техника алуға шама-шарқы жете бермейді. Мемлекеттің 2018 жылы бекіткен 25 процент субсидиясы жұмырымызға жұқ болмай қалды деп отыр. Себебі содан бері ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы еселеп артқан.

Қайыр Айсин, Кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің басшысы:

– Мысалы екі жыл бұрыңғы ережеде МТЗ-80 тракторының бағасы 6 миллион тенге деп көрсетілген. Қазір оның құны 10 миллионға жетті. Ал 25 проценттік субсидия бұрынғы бағасымен есептеледі. Сондықтан шаруаларға жаңа техника қымбатқа түседі.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметтерге сүйенсек, техника паркін жаңартуда өсім бар.

Мысалы, 2018 жылы 1204 жаңа трактор, комбайндар алынса, одан кейінгі құрғақшылық жылы да олардың қатарын 1311 техника толықтырған. Ал биыл –1614.

Алайда мұның бәрі мардымсыз екендігін мамандар да мойындап отыр. Себебі жыл сайын қолдағы техниканың кем дегенде 6 процентін жаңартып отыру қажет. Қазіргі көрсеткіш одан екі есе кем.   

Арымжан Мизанбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Былтыр 365 трактор, 358 комбайн сатып алынды. Нәтижесінде жаңарту 2,7 пайызды құрады. Былай жалпы айтып кететін болсақ, осы бүкіл ауылшаруашылық техникаларының 70 проценті пайдалану мерзімі он жылдан асқан. Яғни жаңартуды талап етеді.

Қостанай облысына былтыр ауыл шаруашылығына 13 миллиард тенге инвестициялық субсидия бөлінген. Биыл көмек қаржыға 1 ақпаннан өтініштер қабылдана бастайды. Бір ғана өзгеріс, енді алған техникаңызды тіркетіп, жұмсаған ақшаңыздың есебін беруге міндетті боласыз.

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг