Павлодарда 130 пәтер иелері кооперативі жабылады

Павлодарда жыл соңына дейін 130-дан астам пәтер иелері кооперативінің жұмысы тоқтатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның орнына тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі меншік иелері бірлестігі құрылады. Қазірдің өзінде облыс орталығы тұрғындарының біразы пәтер иелері кооперативінен бас тартқан.

Бұл – меншік иелері бірлестігі құрылған алғашқы үй. 180 пәтерлі көпқабатты үйдің инженерлік желісі әбден тозған. Бұдан өзге коммуналдық мәселесі де шаш етектен. Ал пәтер иелерінің кооперативі болса, оны бірнеше жылдан бері шеше алмаған. Сондықтан, тұрғындар олардың қызметінен бас тартқан.

Бірінші кезекте жылу тарату жағы реттелді. Ескі жылу беру жүйесін реттеу құралдары ауыстырылып, параметрлері тиісті талапқа сәйкестендірілді. Сонымен қатар санитарлық ережелерге сәйкес қоқыс құбыры жабылды. Енді қатты тұрмыстық қалдықтар тек даладағы жәшіктерге жиналады. Алдағы уақытта тарифтік жүйе де түбегейлі өзгермек.

Ернар Қожахмет, Меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

– Тұрғын үй қызметі үшін бір шаршы метр үшін тариф орташа есеппен 20 теңге. Осындай он қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтер үшін айлық тариф 600-700 теңге, ал үш бөлмелі пәтер үшін 300 теңге. Бұл тарифтер 20 жыл бойы өзгермеген. Жиналатын сома баспананы күтуге, жөндеуге жетпейді.

Жаңа тариф бойынша бір үйден 400 мың теңге жиналады. Бұл қаржы тұрғын үйдегі ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тазалықты сақтауға бағытталмақ. Тариф 40 теңгеге көтеріледі. Оның 25%-і әкімшілік ресурстарға жұмсалады.

Нұрлан Рашидов, қалалық Тұрғын үй инспекциясының басшысы:

– Жергілікті атқарушы органдар минималды шығындар тарифін нақтылайды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында бұл жұмыс аяқталып, қалалық мәслихат жаңа тарифті бекітеді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта есептеу жұмыстары жүргізіледі. Үйлердің қабатына байланысты тариф әр түрлі болады.

«Тарифті өзгерту қиын, бірақ осындай қадамға бармасақ, сапалы жұмыс жүргізу мүмкін емес», - дейді мамандар. Бүгінде меншік иелерінің қысқа мерзімде атқарған жұмысының нәтижесін көріп үлгерді. Осы жылы бірлестік өкілдері лифтілер мен подъездерді жөнге келтірмек.

Наталья Кожевникова, қала тұрғыны:

– Өзгерістерге көз жеткіздік. Біріншіден, подъездің іші тазаланып қалды. Екіншіден, ауламыз жаңартылды. Балалар ойын ауласы жасалды. Сонымен қатар мүлік иелері бірлестігінің жұмысы ашық жүргізіледі. Барлық жаңалықтан хабардармыз.

Павлодарда 1300-ге жуық көпқабатты үй бар. Жыл соңына дейін барлығы жаңа жүйе бойынша басқарылуы тиіс. Бұдан басқа, бүгінде мүлдем пәтер иелері кооперативіне жатпайтын 121 үй бар. Бұл мәселе әзірге басы ашық күйінде қалып отыр. 

Авторлар: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат