Дрон ұшыруға арналған жаңа ереже қазақстандықтардың көңілінен шықты ма?

Біреуге ермек, біреуге кәсіп, енді біреуге қауіп. Жұртты тамсандыратын әдемі кадрларды түсіру үшін қазақстандықтар квадрокоптердің көмегіне жиі жүгінетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда оны ұшырудың арнайы тәртібі бар. Жуырда жаңа ережелері бекітілді. Мақсат – қоғамдық қауіпсіздікті қамту. Алайда дронның көмегімен фото, видео түсіретіндер бұл ережелерге бағына ма, жоқ па?

Бақыт Топтаева, тілші:

– Сырт көзге квадрокоптермен видео түсіру оңай сияқты. Алайда, мінсіз кадрға қол жеткізу үшін біраз машықтану қажет. Әйтпесе, біреуді жазым ету қаупі бар. Видеоға түсіру тәсілінен бөлек, дронды қолданудың тәртібін де білу керек. Бұл қоғамдық қауіпсіздік үшін қажет дейді мамандар.

Сол себепті де, Қазақстандағы азаматтық авиация әкімшілігі былтыр желтоқсанда пилотсыз ұшатын аппараттарды қолдану қағидаларын бекітті. Ұзын саны 7 тараудан тұратын құжатта әуе кеңістігін қолдану және қондырғыларды ұшыруға рұқсат беруге қатысты толық ақпар берілген. Ондағы шарт бойынша салмағы 250 грамнан асатын қондырғыны міндетті түрде тіркеу керек. Одан кейін халық тығыз орналасқан жерде дронды ұшыруға рұқсат алу үшін уәкілетті ұйымға өтініш пен жеке куәліктің көшірмесін тапсыру керек. Бұдан бөлек, дронды қолданудың егжей-тегжейін оқытатын арнайы мектепте оқығаны туралы құжаттың көшірмесі тағы қажет. Он жылдан бері той-томалақ пен қоғамдық шара түсірумен айналысатын Қанат Жұмашқан соңғы шартпен мүлде келіспейді.

Қанат Жұмашқан, квадрокоптермен видео түсіруші:

– Қымбат дрондар болады ғой, мысалы, 4-5 млн бағасындағы, сол сатып алған жерден бізге лицензия берсе және қолдану үлгілерін үйретсе, сол жеткілікті деп ойлаймын. Ал оны заң жүзінде оқып, үйрену қатты маңызды деп ойламаймын.

Ал кәсіпқой бейнеоператор Владислав Воднев мұнымен келіспейді. Айтуынша, даярлықтан өткізетін курстар қажет-ақ.

Владислав Воднев, квадрокоптермен видео түсіруші:

– Ұшу мектептерін қолға алғаны келешектегі жағдайды алдын ала ойластыру үшін жасаған сияқты. Бір кездері скутер мен самокаттар саны көбейіп кетіп еді. Оларды реттеу қиын болды - не велосипедке жатпайды, не мотоциклге жатпайды, сондықтан не автожолмен, не велосипедке арналған жолмен жүруіне қатысты дау болған еді. Сол сияқты қазір дрондардың саны көбейіп кеткен. Төбемізден сауғаламай тұрғанша, осы ережелерді бекітті деп ойлаймын.

Дегенмен дрондарды тіркеп, олардың ұшуын бақылау не үшін керегін Владислав әлі толық түсіне қоймады. Есесіне, Әділет Рахметолла есімді әріптесі құжаттың маңызын ұғынған. Көркемдік стильде бейне түсіруші қондырғыны тіркеп, әуеге ұшырған кезде неліктен тиісті бақылау жүргізу қажеттігін түсіндіріп берді.

Әділет Рахметолла, квадрокоптермен видео түсіруші:

– Стратегиялық объектер бар. Солардың тізімін көрсету керек. Осындай жерлерді түсіруге болмайды деген. Егер түсіретін болсаң, айыппұл төлейсің немесе сол үшін жауап бересің деген. Мысалы жүргізуші куәлігін алғанда оңға бұрылуға болмайды, мынадай белгі бар деген сияқты ережелермен танысу керек.

Ол дрон тіркеуде тұру керек. Ертең ол дрон біреудің басын жаратын болса, немесе машинасына түсіп кететін болса, сонда ол дронды алып тексереді, бұл кімнің дроны деген сияқты. Сондықтан Қазақстанның қауіпсіздігі үшін керек нәрсе деп ойлаймын.

Бұл – болашақ әуе кеңістігін бақылау орталығы. Азаматтық авиация әкімшілігі дәл осы жерде ұшақтардан бөлек, пилотсыз ұшатын аппараттарға мониторинг жүргізбек ниетте. Бірақ оған дейін талай іс атқарылуы тиіс. Мекеменің бас менеджері түсіндіргендей, қазір әуедегі дрондарды бақылаудың жүйесі ойластырылып жатыр. Дрондарды тіркеу тек алғашқы қадамы ғана. Кезекте квадракоптерді ұшыру тәртібін үйрететін ұйымдармен байланыс орнату.

Питер Гриффитс, «Азаматтық авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры:

– Әуе кеңістігінде аппаратты ұшығура үйрететін мектептердің барлығы біздегі лицензиялау бөлімі арқылы тіркеуден өтуі шарт. Кейін лицензиялық бөлім мамандары сол курстарына қатысып, оқушыларға толық мәлімет беріп жатқанына көз жеткізеді. Яғни, курсанттар қауіпсіздік стандарттарының негізін ескеріп, алдағы уақытта қондырғыны дұрыс пайдалана алатындай болуы керек.

Құжатта көрсетілгендей, дронды ұшыруға үйрететін курстар әзірге жоқтың қасы. Дегенмен мол тәжірибесі барлар үшін арнайы бағдарламамен мектеп ашуға жақсы мүмкіндік бұл. Тиісті лицензиясы бар курстар ашылса, саладағы жұмыс жүйелі жолға қойылмақ.

Бақыт Топтаева, тілші:

– Бұдан шығар түйін – құзырлы мекеме әзірлеген ереже қыспаққа алу үшін емес, қауіпсіздікті қамту үшін қажет. Тек рұқсат беруі тез әрі оқыту тәртібі жеңіл болса деген тілек бар.

Бақыт Топтаева, Әсет Сарғұлов, Асхат Қарақойшиев