Түркістан облысында коронавирусқа қарсы екпе салу жұмыстары басталды

Ресейден жеткізілген «Спутник V» вакцинасын алдымен облыс әкімінің орынбасары, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы салдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жандос Жұмабек, тілші:

– «Спутник V» вакцинасының алғашқы 1300 данасы Түркістан облысына өткен түнде жеткізілді. Бүгін өңірдегі барлық аудандарға түгел таратылуда. Алдымен вакцина инфекциялық ауруханада дәрігерлеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне, жан сақтау, қабылдау бөлімдері мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында жұмыс істейтіндерге салынады. Жалпы ережеге сәйкес, қауіпті індетке қарсы вакцина дәрігерге бірден салынбайды. Олар алдымен тексеруден өтеді. Егер оның әдеттегі профилактикалық екпеге қарсы аллергиясы бар болса, онда оған екпе салынбайды. Сонымен қатар екпе балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер де вакциналаудан өтпейді. Жаңа ғана облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мырза да өзіне екпе салдырды. Біз одан вакциналаудан кейінгі көңіл күйі мен әсерін сұраған едік.

Жалпы облысқа мұндай екпенің 180 мың дозасы бөлінген. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, қауіпті індетке қарсы вакцина өңірге кезең-кезеңімен жеткізіледі. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша 950 мың адамға екпе жасалады деп жоспарлануда.