419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық қазақстандыққа екпе салынады

  • 279
  • UPD: 16:00, 01.02.2021

Халықты жаппай вакциналау бірнеше сатыдан тұрады.

Алдымен қауіптің алғы шебінде жүрген  ақ халаттылар егіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, ол 100 мыңдай адам болады. Сындарлы сәтте еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов әріптестеріне қолдау көрсетті. Ресейден жеткен вакцинаны бірінші болып салдырды.

Қазақстан Спутник V вакцинасын таңдауы бекер емес. Дәрінің тиімділігін  әлемнің бірнеше елі мойындады. Бас санитар дәрігердің айтуынша, 1 вакцинаның бағасы 11 мың теңге шамасында. Бірақ қазақстандықтар үшін екпе салдыру тегін болады. Жалпы, науқанды өткізуге ел қазынасынан  50 млрд теңге қаржы қарастырылған. 

Ерлан Қиясов, ҚР денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары-бас санитарлық дәрігері:

– Мен басқарып отырған санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары коронавирусқа қарсы вакцинаны алғаш болып салғызатындар қатарында. Мен өз қалауым бойынша бүгін осында келіп, вакцина алдым. Өздеріңіз оған куә болдыңыздар. Дәрігер сіздердің көзіңізше тоңазытқыштан вакцинаны алып шықты. Ешқандай теріс әрекеттер жасалған жоқ.

Айта кетейік, дәріні ағзаға енгізу  екі кезең бойынша жүзеге асады.  Алғашқы жарты миллиметр дозадан соң  21 күн күту керек. Мамандардың айтуынша, осылайша дәрінің күшін еселеуге болады. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният та ресейлік вакцинаны сынап көрді. Ол әзірге өзін жақсы сезінеді.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

– Әрбір жасалған орында жергілікті реакциясы болады. Ертеңгі күні кішкене қолымыз ісуі мүмкін. Сосын жасалған жер кішкене ауыруы мүмкін.

Шыңғыс Байкөпенов өзгенің амандығы үшін өз басын талай қауіпке тікті. Қайтсін енді, қызмет солай. Десе де жас дәрігер ет жақындарының саулығы үшін алаңдайды. Ойланбастан екпе салдыруының себебі де сол.

Шыңғыс Байкөпенов, қалалық №6 емхананың эпидемиолог дәрігері:

– Халықтың бастамасы есебінде, өз әріптестерімді қолдап екпені алып отырмын. Ешқандай әсері болған жоқ.

Коронавирустың емін табуға отандық мамандар да білек сыбана кірісті. Нәтижесінде Qaz covid-in дәрісін ойлап тапты. Қазір ол клиникалық сынақтың 3-ші сатысынан өтіп жатыр. Егер оң нәтиже көрсетсе, сәуірде қолданысқа беріледі. Азаматтар қай вакцинамен егілем десе де өз еркі. Тіптен екпеден бас тартса да болады. Оған заң кепілдік береді.

Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы