Шымкентке «Спутник V» вакцинасының 1000 дозасы жеткізілді

Шымкентте «Спутник V» екпесімен ерікті түрде вакциналау науқаны жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үшін қалаға аталған вакцинаның 1000 дозасы жеткізілді. Екпені алғашқылардың бірі болып, қала әкімі мен оның орынбасарлары, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, шаһардың бас мемлекеттік санитар дәрігері және жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері салдырды.

Шымкентке «Спутник V» вакцинасының 1000 дозасы жеткізілген. Ол қалалық қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақталып, бүгін таңғы сағат алтыда төрт емханаға жеткізілді. Екпе егу жұмыстары қаладағы емханаларының базасында 4 вакцинация кабинетінде ұйымдастырылды. Мұнда да вакциналарды сақтауға арналған мұздатқыштар орнатылған. Біз тұрған емханада алғашқы болып ресейлік вакцинаны қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен шаһардың бас мемлекеттік санитар дәрігері салдырды. Олар екпені қабылдамас бұрын әуелі терапевт дәрігердің бақылауынан өтті. Екпені салдырған қаланың бас дәрігері Бақытжан Позиловтан біз вакциналаудан кейінгі көңіл күйі мен әсерін сұраған едік.

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазір мен вакцинаны салдырдым. Ауырғанын сезген жоқпын. Осы жерде 30 минут күтіп отыруымыз керек регламент бойынша. Медицина қызметкерлерінің бақылауында отырмын. Көңіл күйім өте жақсы. Ешқандай ауырсыну реакция болып жатқан жоқ. Жағдайым жақсы. Өзіміздің осы үлгімізбен әріптестерімізге басқа да халықтарға тұрғындарға көрсеттік. Біз барлығына салдыруымыз қажет. Ең бастысы вакцина бұл ерікті түрде.

Шымкентте ерікті түрде вакцина егу үшін 1000 медицина қызметкерінің тізімі жасалыпты. Жыл соңына дейін қалада бірінші жарты жылдықта 100 мың адамға коронавирусқа қарсы адамға екпе егу жоспарланып отыр. Осыған орай 38 медицина мекемесінде алдағы уақытта вакцинациялау кабинеттері жұмыс істейтін болады. 

Айта кету керек, тек вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді және қатаң локдаунның жалғыз баламасы.