Елорда бойынша вакциналау шарасына 3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сай, бас қалада екпені 736 мың тұрғын алады. Бұл тізімге балалар мен 65 жастан асқан азаматтар енбеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апта соңына дейін медицина саласының 2 мың қызметкері вакциналанады. Наурызға қарай көрсеткіш 6 мың 300-ге жетеді. Дәрігерлердің айтуынша, тізім қалалық емханаларға жіберілді. Ондағылар ақ халаттыларды кезек бойынша шақырып, екпе салады. Медицина қызметкерлері препараттан бас тартуға да құқылы. Қазірдің өзінде аяғы ауыр бірнеше келіншек пен белгілі бір сырқаты бар дәрігерлер ресейлік вакцинаны қабылдауға дайын емес екендерін айтқан.  

Тимур Мұратов, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бастапқы кезеңде тәуекел тобына жататын медицина қызметкерлері вакциналанады. Одан кейін әскери қызметкерлер алады. Екпенің қаланың 5 емханасында салынады.