ШҚО-да 5 ауданды су басуы мүмкін

Күн райы күрт жылынса, шығыста 5 ауданды су басуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Катонқарағай, Алтай, Көкпекті, Шемонаиха және Риддер секілді таулы өңірлер. Бір ғана Алтай ауданында, Бұқтырма өзенін жағалай қоныстанған 10-нан аса ауыл бар. 2018 жылы осы ауылдардың көбін су басқан. Сондықтан биыл ауданда тасқынға дайындық жұмыстары ерте басталды. Күзден бері бірнеше ауылда арықтар тазаланып жатыр. Қар еріген кезде су жайылуы мүмкін кейбір өзендердің жағасын биіктету жұмыстары да жүргізілді. Бүгінге дейін мұнда 8 мың тоннаға жуық инертті материал дайындалған.

Николай Игнашин, Алтай ауданы әкімінің кеңесшісі:

– Техникалық материалдық жағдайды да нығайтып жатырмыз. Аудандағы ауыр техникасы бар шаруашылықтар және кәсіпорындармен келісімшартқа отырдық. Ал бүгінге дейін ауданда тасқынға тосқын жұмыстарды күшету үшін облыс бюджетінен 96 миллион теңге бөлінді.