Қызылорда облысының әкімі «Спутник V» вакцинасын салдырды

Қызылорда облысына бүгін мың дана вакцина әкелінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алғашқылардың бірі болып екпе салдырды. Ресейлік «Спутник V» екпесін қабылдаған өңір басшысы тұрғындарды індеттің таралуын төмендету шараларына белсенді атсалысуға шақырды. Облыс халқына 80 000 доза салынады деген жоспар бар. Вакциналау жұмыстарына аймақ бойынша 133 мейірбике, 89 дублер тартылады.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Тарихта да белгілі түрлі індеттер болды. Сол індеттерден бірінші кезекте вакцина құтқарған. Мен көп халықпен, әріптестеріммен кездесемін, күнделікті әртүрлі жиналыстар болады. Сондықтан қауіпсіз болуым керек. Бірінші кезекте вакцинаны алып жатырмын.

Гүлнұр Ілиясова, дәрігер-эпидемиолог:

- Жанама әсері, қарсы шағымдары болмайды. Болғанда да жергілікті және жалпы түрде болуы мүмкін. Салған жерде ашу, қышу, ауырсыну белгілері болуы мүмкін. Жалпылама әлсіздік және дене температурасының көтерілуі болуы мүмкін. Ол кезде бастапқы шараларды қолдана отырып, температураны түсіруге қарсы дәрі-дәрмек қолданғаннан кейін бәрі қалпына келеді. Сол себепті қорықпай, COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналауға шақырамын.