419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үлкен Дихан ауылынының төменгі бөлігі тіршілік нәрінен қағылды

  • 130
  • UPD: 21:14, 01.02.2021

Алматы облысы Үлкен Дихан ауылында ауыз су мәселесі толық шешілмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың бір бөлігі мемлекеттік жобаның игілігін көре алмай отыр. 2016 жылы «Ауыз су» бағдарламасы арқылы құбыр тартылды. Бірақ көпшіліктің қуанышы ұзаққа созылмады. Құбыр жарылып, ауылдың төменгі бөлігі тіршілік нәрінен қағылды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қараусыз қалды деген бұл резервуар 5 жыл бұрын салынған. Содан бері оны тұрақты түрде ешкім күзетпепті. Өз қауіпсіздігін ойлаған жұртшылық Жанат Байтілеуовті нысанға жауапты етіп сайлаған. Қызметіне жалақы төленбесе де, ол мұнара маңын ауылдастарының амандығы үшін қарауылдайды.

Жанат Байтілеуов, ауыл тұрғыны:

- Біреу келіп, бірдеңе салып жіберетін болса, мынандай қиын кезде ауру бірдеңе тарқап кете ме деп ауыл алаңдайды. Осы жерге күзетші қойса, камера қойса, сол біздің талабымыз.

Ауылға құбыр тартылғанымен, ауыз су тұрғындардың барлығына бірдей жетпейді. Елді мекеннің жоғарғы жағындағыларға тіршілік нәрі тоқтаусыз келсе, төменгі бөлігіндегі 30 шақты отбасы тасып ішуге мәжбүр. «Қаладағыдай күн кешеміз» деп жуынатын бөлме қосып алған Мейіржан Әбдіхалық оны пайдаланбақ түгіл ас судың өзін өзеннен алып отыр.

Мейіржан Әбдіхалықов, ауыл тұрғыны:

- Міне, мынау жасап қойған суатымыз, міне, осы жерден ас суымызға пайдаланатын суды алып отырамыз. Күнделікті бірақ уақыт. Түсте алуға болмайды. Себебі көрдіңіздер ғой, малдың бәрі тезегі, қоқымы суға түсіп кетеді лайланады су.

Ауыл халқы жасалған жұмыстың сапасына сын көзбен қарайды. Өйткені құбыр жарылып, судың көшеге аққан кездері көп болыпты.

Дәурен Өтеген, ауыл тұрғыны:

- 25 жерден жарылды. Күнде жарылады. Төмен қарай су көп келеді де, атып жібереді. Экскаватормен қазып кеткен шұңқырлар бар, тастар бар. Түн ішінде жүргенде машина айналып өтеді, аттар түсіп кетеді.

Үлкен Дихан ауылына ауыз су тартуды бір мердігер бастап, екіншісі аяқтаған. Оған мемлекет қазынасынан 480 млн теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Қазір құрылыс жұмысына қатысы бар мекемелердің қайсысы қателік жібергені анықталып жатыр.

Талғат Сайдахметов, аудандық ТКШ және тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Бір жарым ай болды сот отырысы болып жатыр. Соттың шешімі бойынша ЖСҚ жасаған авторлық па, жұмыс жүргізгенде қадағаламаған техникалық қадағалаушы ма немесе соны жүргізген мердігердің қателігі ме, сот қалай шешім шығарады, сол бойынша жұмыс істейміз. Бірақ оған дейін халықты сумен қамтамасыз етуге өзіміздің тараптан жұмыс істейміз.

Болат Қуанбаев, ауыл тұрғыны:

- Бес жылда бітпеген сот. Осыны ауданда кезінде тендердің ақшасын неге оларға аударып жіберді. Біткен кезде аудару керек қой. Осы мәселеге ешкім жауапты болған жоқ ауданда.

Ауданда су мәселесіне қатысты соттасып жатқандар бұл ғана емес. Арасандағы бес үйдің тұрғындары да жер астынан шығатын тіршілік нәріне таласып жатыр.

Руслан Абдуллаев, ауыл тұрғыны:

- Бұл құдық 69-70 жылдары асығыста қазылған құдық. Колхоз қазып шығарған су. Төңіректегі 30 гектар жерге бұршақ айдаған. Содан кейін сол замандарда 90 жылдары сатып жіберген. Ешқашан көрмеген адам келді де, «бізге ақша төлейсіздер, бассейн барлар 40 мыңнан төлейсіңдер» деді.

Марипа Тохтыхан, ауыл тұрғыны:

- Жерден бір тал қызанақ егіп жей алмаймыз. Барлығы құрып кетті. Қазіргі күнде біз 6-7 шақырым жерден канистрамен су тасып ішеміз. Енді осы бола ма?

Фатима Халикова, ауыл тұрғыны:

-Бес үй осы жердегі суды ішіп, бәріміз үйімізге суды шлангамен кіргізіп, егін егіп жүрген. Енді менің дауым осы скважинаны осы бес үйге қайтарып берсін.

Жақын күндері екі жағдайға байланысты да сот отырысы өтпек. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан ауыз су мәселесі соның қорытындысы негізінде шешілетін болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы