Петропавлда қазақ театрының әртістері үйсіз қалуы мүмкін

Мәдениет саласының қызметкерлеріне 10 жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Серік Біләлов салтанатты түрде 10 пәтердің кілтін табыс еткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ өнер иелері бұл баспана құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Соңғы жылдары тіпті «босатыңдар» деген хабар алған. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы анықтап қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- 2010 жыл. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының 10 жылдығы. Сол кездегі облыс әкімі Серік Біләлов 10 актерге бір-бір пәтердің кілтін табыстап жатқан сәті. Баспаналы болғандардың бірі Асылхан Рәзиев сол қуанышты қазір күрсіне еске алады. Өнер иесі әйел, бала-шағасымен далада қалуы мүмкін. Күз-көктем оған «үйді босатыңдар» деген хабар келеді.

Асылхан Рәзиев, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі:

- Қазір біздің сұрайтынымыз – приватизацияға берсін деген ниет. Өйткені бізге бұл пәтер салтанатты түрде бергенде ой, айқайлап тұрып, сүйіншілеп, қоныс тойын жасап, сыйлық берілді, «приватизацияға бұйырса беріліп қалады» деген соң алдық қой. Онда біз не кезекке тұрған жоқпыз, не жаңағы ипотекаға жинаған жоқпыз, ешқандай дипозит ашқан жоқпыз.

Бұл үйде Асылханнан басқа тағы 3 актер тұрады. Бәрі де отбасылы. Олардың да талабы бір – дүйім елдің алдында сүйіншілеп берілген пәтерлерді атымызға түсіріп алсақ дейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Облыс әкімі әу баста 10 пәтер дегенімен, соңында алтауы ғана берілген. Соның төртеуі мына бір дәрігерлер үйінен, ал қалған екеуі жаңадан салынған көп қабатты үйден. Олар жекешелендіріліп алынған.

Соңғы он жылда 4 пәтердің меншік иесі бірнеше рет ауысқан. Қазір облыстық аурухананың атында. Қазақ театрының директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуынша, бұл бұрыннан көтерілген мәселе. Бірақ шешімі жоқ. 

Біржан Жалғасбаев, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

- Тұрғын үйлерді тіркеуге алу мәселесі көтерілген. Менің білетінім, Ко мырза осы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тұрғанда содан бастап хат жазылған. Осы мекемеге қарайтын 4 пәтерді жаңағы басқарманың құқығына дейміз ғой, осы театрдың балансына беріп, театр өзі жүргізіп отыратындай жағдай. Оған ешқандай рұқсат берілген жоқ.

Облыстық аурухананың бас дәрігері сұхбат бермеді. Оның орнына шыққан денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы мән-жайды былай түсіндірді.

Гүлнәр Қалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Облыстық аурухананың балансына өткеннен кейін инвентаризация жүргізілді. Сол уақытта 4 пәтерде қазақ театрының әртістері тұрып жатқаны анықталды. Оларға бұл уақытша пәтер екені жеткізілді. Түптің түбінде бұны босату керек деп ұсынылды. Бірақ қыстың күні оларды ешкім қазір ол пәтерлерден қуайын деп жатқан жоқ.

Актерлердің қолында кілттен басқа бірде-бір құжат жоқ. Өнер иелері осындай ыңғайсыз рөлге түскендеріне қынжылады. Алды ауылға кетуге дайын отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев