Қордай қақтығысы: Бір жылда не өзгерді?

Қордай оқиғасына бір жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қираған нысандар қалпына келтіріліп, ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көтеру бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілді. Кейбір жобалар мен бітпеген жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Ауданда бір жылда не өзгерді? Жергілікті жұрттың қазіргі тұрмыс-тіршілігі қалай?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қордайдағы жаға ұстатқан қақтығысқа тура бір жыл болды. Жергілікті тұрғындар арасында туындаған жанжал жаппай тәртіпсіздікке ұласқан еді. Салдарынан 11 адам қаза тауып, ондаған тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары қирап, өрнетіп кетті. Зерттеп, зерделей келе, бұған талай мәселенің түрткі болғаны анықталды. Сол уақытта ел Президенті жұмыс сапарымен арнайы келіп, аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шараларды қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы қазір іске асқан. Төтенше жағдай кезінде бүлінген 65 нысан болса, оның 46-ы тұрғын үйлер еді. Қазір қираған нысандардың ізі де қалмаған. Кеткен кемшіліктер түзеліп, бір жылда қалыпқа келтірілді. Ауданға мемлекеттен тарихта болмаған қаражат бөлінді. 35,1 миллиард теңгеге әлеуметтік маңызы зор 400-ге жуық жоба жүзеге асырылды.

Рүстем Дәулет, Қордай ауданының әкімі:

- Былтыр 6 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның төртеуі осы Қордай ауылында. Сосын мына Гвардейскіде. Негізінен мына 3 үй берілді. Қалған үйлер өтпелі. Биылғы жылы тағы да 8 үйге қаражат бөлініп жатыр. Оның алтауы осы Қордай ауданының орталығында.

Сондай-ақ үш жаңа мектептің құрылысы қолға алынып, апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешілді. Одан бөлек, 6 ауылға ауыз су жүйесі жүргізілді. 7 инженерлік инфрақұрылым, 4 спорттық-сауықтыру кешені салынды. Ауданда жаңадан 7,4 шақырым жол салынып, 343 шақырым жол орта жөндеуден өтті. 9 ауыл 100% асфальтталды. Бұл істелген жұмыстың бір бөлігі ғана.

Сүгірбай Төле, Қордай ауданының тұрғыны:

- Халық риза болып жатыр. 29 жылда ерекше жыл болды. Бұрын соңды мұндай қаражат мемлекет тарапынан бөлінген емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі келіп, көріп халықтың жағдайымен танысып, үлкен қамқорлық жасаймын деп уәде беріп кеткен. Міне, сол уәдесінде тұрды.

Жүзеге асқан ірі жобаның бірі ауданды газдандыру болды. 248 шақырым магистральді құбыр тартылып, былтыр 22 елді мекен газ кірді. Осының арқасында қордайлықтардың 95%-і газбен қамтылды. Қазір ауылдық ағайын көгілдір отынның рахатын көріп отыр.

Жәмиға Молдажанова, Қордай ауданының тұрғыны:

- Осы ауылға келін болып түскеніме 40 жыл болды. 40 жылда көптен күткен табиғи газымыз келді. Газ енді көмірге қарағанда ығайлы ғой. Жылына бір он шақты тонна көмір жағамыз. Кемінде 150 мың ақша кететін. Енді мына газ жанып соған қуанып жатырмыз.

Ұлтаралық татулықты нығайту бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, идеологияға басымдық берілді. 30-ға жуық этнос өкілдері тұратын ауданда діни тұрақтылықты сақтау үшін тұңғыш рет имамдар үйі ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту шаралары жанданды. 2020 жылы мыңнан астам адам қазақ тілі оқу курстарынан өтті. Оның 99%-і өзге ұлт өкілдері. Қазір Масаншы, Аухатты, Сортөбе, Қарасу ауылдық округтерінің мектептеріндегі 61 сыныптың 41-і қазақ тілінде оқытылып жатыр.

Әбдібек Сейілханов, «Қоғамдық келісім» кеңесінің төрағасы:

- Мемлекеттік тілді дамыту. Ұлтаралық қарым-қатынасты жақсарту, сонымен бірге жас буындарды тәрбиелеуге ұлттық салт-дәстүрлерді үйрету мәселелері қолға алынды. Қазір осы кезеңде біздің ауданда бұрынғыдай ұлтаралық түсініспеушілік деген жоқ. Бүкіл халқымыздың бәрі бірін бірі түсініп, тату-тәтті өмір кешіп жатыр.

Ең бастысы, әлеуметтік-экономикалық серпілістен кейін жұрттың еңсесі көтеріліп қалды.  Жергілікті тұрғындарға ақпанда болған жағдай сабақ болды. Жұрт қазір тұрмыс-тіршілігін түзетіп еңбектеніп жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә