Алматылықтар үй астындағы қоғамдық тамақтану орындарына қарсы

Алматылықтар үйдің түбіндегі қоғамдық тамақтану орындарына қарсы, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Түнгі ұйқыдан тыныштық кетті», - дейді тұрғындар. Баспананың іргетасы да бүлінуі мүмкін. Өрт қауіпсіздігі тағы бар. Мейрамхана мен түнгі клубтан шаршаған жұрт Мемлекет басшысының атына хат жазған.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алматының орталығындағы көп қабатты үйдің тұрғындары мейрамханадан шығатын иіс пен түнгі шудан шаршаған. Мысалы, Есқайыр Нұрпейісов пен Шолпан Бертісбаеваның пәтерлері үш мейрамхананың қоршауында қалған. Олар «тұрғындардың рұқсатынсыз ашылған» дейді. Оған қоса, үйдің артқы беті мейрамханалардағы ауаны тазартып тұратын құбырларға толып кеткен.

Есқайыр Нұрпейісов, қала тұрғыны:

- Түнде кешкісін терезені аша алмайсың, сасиды. Дұрыс демала алмайсың. Өте қатты кедергі келтіреді. Одан басқа машиналарын ішке кіргізіп, кафеден адамдар шығады. Өзінің ауласы сияқты. Балалармен далаға шыға алмайсың, темекі шегеді.

Шолпан Бертісбаева, қала тұрғыны:

- Біз құқық қорғаушылардың көмегімен жобалық-сметалық құжаттарының жоқтығын және басқа да заң бұзушылықтарды анықтадық. Содан кейін әкімшілік сотқа бердік. Соттың шешімі бойынша «мейрамхана басшылығы үйді бұрынғы келбетіне келтіру керек» деген үкім шықты. Алайда, ол шешім орындалмай қалды. Содан бері әділдікке жете алмай жүрміз.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, Алматыда 3 мыңға жуық мейрамхана тіркелген. Ал, құжатсыз ашылған қоғамдық тамақтану орындарының саны тағы 3 мыңнан асады екен. «Тұрғындардың тынышын кетірген мейрамханалар бойынша кәсіпкерлер палатасы оңды шешім табу үшін көмектесуге дайынбыз», - дейді.

Айтуар Қошмамбетов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Заң талабы бойынша біз тұрғындардан мейрамханаларға қатысты заң бұзушылықтарды жинастыруын сұрадық. Ол факті арнайы органдармен дәлелденген болуы керек. Содан кейін сол мейрамханаларға барып, ортақ шешім табуға, кемшіліктерді қалпына келтіруге тырысамыз.

Шыдамы таусылған тұрғындар Мемлекет басшысының атына онлайн хат жолдапты. Хатқа 40-тан аса көп қабатты үйдің тұрғындары қол қойған. Алматылықтар кәсіпкерлерге тамақтандыру орындарын әкімшілік ғимараттар мен сауда ойын-сауық орталықтарында ашуға кеңес беріп отыр. «Себебі, қалада мұндай мекемелер жеткілікті», - дейді тұрғындар.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев