Ақтөбеде алаяқтар жалған фирмалар арқылы мемлекетке 492,6 млн теңге шығын келтірген

Ақтөбе облысында екі жыл бойы нақты жұмыс істемей және тауар жеткізбестен жалған шот-фактуралар жазып беру бойынша заңсыз қызметпен айналысқан бір топ тұлғаның қызметіне шек қойылды.

Бұл фактіні ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері анықтады.

«2015 жылы екі ақтөбелік бірнеше кәсіпорынды құрып, заңды тұлғаны тіркеу процедураларынан өтіп, екінші деңгейлі банктерде банктік есепшоттар ашқаннан кейін өз атына тіркеген. Содан кейін олар өздерінің жалған фирмалар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыратын контрагенттерді іздеумен айналысқан», – делінген ҚР ҚМА баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 492,6 млн теңгені құрайды және қазіргі уақытта өтелді. Тергеу барысында арнайы құрылған ЖШС-нің банктік шоттарындағы 7,3 млн теңге сомасындағы қаражатқа тыйым салынды.

Ақтөбе қаласының №2 соты қылмыс жасағандарды шартты түрде 3 жыл және алты айға соттады.