2025 жылға дейін Қазақстанда 8 жаңа су қоймасы салынады – ЭГТРМ

Ал 2025-2030 жылдар ішінде тағы 31 су қоймасы салынатын болады.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасын әзірледі. Бүгінде аталған мемлекеттік бағдарламаны ұлттық жобаға айналдыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды primeminister.kz.

Алты негізгі бағыт анықталды. 

Бірінші. Су дипломатиясын нығайту үшін мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіру.

Екінші. Су ресурстарын цифрландыру, есепке алу және мониторингілеу. Нәтижесінде 119 су арнасында цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, өзен ағынының ресурстарын айқындаудың ақпараттық жүйесі құрылады және т.б.

Үшінші. Суды үнемдеу. Нәтижесінде заманауи су үнемдегіш технологиялар қолданылатын суармалы жердің көлемі 221 мың гектардан 420 гектарға дейін ұлғаяды. 

Төртінші. Ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды қалпына келтіру, жаңа су қоймаларын салу. 

«Нәтижесінде шамамен 2 мың шақырым магистралдық арна реконструкцияланады. Одан бөлек, жалпы көлемі 885 млн м3 болатын Жамбыл (3), Батыс-Қазақстан (2), Түркістан (1), Алматы (1) және Қызылорда облыстарында 8 жаңа су қоймасы салынады. Ал 2025-2030 жылдар ішінде тағы 31 су қоймасы салынатын болады», –  деді М. Мырзағалиев. 

Бесінші. Құқықтық базаны жаңарту. Осы жұмыстың аясында жаңа редакциядағы Су кодексі әзірленеді.  

Алтыншы. Су саласының мамандарын қазіргі заманғы дағдылармен даярлау және ғылыми қамтамасыз ету.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бөлімнен тұрады: су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экологиялық білім және экологиялық мәдениетті арттыру.

Бұл ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қала – Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. 

«Бұдан басқа, 2025 жылға қарай сарқынды суларды ағызу көлемін төмендетуге қол жеткізуді, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ағымдағы 18%-тен 35% дейін арттыруды, сондай-ақ елдің ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын азайтуды жоспарлап отырмыз. Екі ұлттық жобаны әзірлеу және бекіту жұмыстары ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қарай аяқталады», – деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі. 

Орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу бойынша жүргізілетін жұмыстардың тиімділігі барысына қоғамдық мониторингті жүзеге асыру мақсатында, Экология министрлігінің қолданыстағы геопорталының негізінде интерактивті карта құру ұсынылады. Қазір осы геопорталда орман өрттері мен заңсыз ағаш кесу мониторингі онлайн режимде жүзеге асырылуда. Геопортал «Ғарыш Сапары» компаниясымен бірлесіп пысықталатын болады. Картада жылдар бойынша өңір-өңірге бөлінген ағаш отырғызу жоспарлары көрсетіледі. 

Министрдің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар бекітілген кешенді жоспарлардың шеңберінде ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі жұмыстарды уақтылы жүзеге асыруы қажет.