Биыл Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады

ШҚО әкімі Даниал Ахметов Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановтың 2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халық алдындағы есебін тыңдады.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өткен жиын барысында ауылдардың дамуы, мектеп жетіспеушілігі секілді мәселелер қозғалды. Күршімдіктер көпір мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

– Күршім ауданы – облыстың әлеуметтік маңызы бар аудандарының бірі. Өткен жылы аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылды. ШҚО-ның шалғайда жатқан аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысына облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Мердігер компания өткен жылы белгілі болған. Биыл көпір құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар ауданның шалғай ауылдық мекендерінде мектеп тапшылығы байқалады. Сол себепті мектеп құрылысы қолға алынды. Мәселен, Ұрынқай ауылының мектебінің жобалық-сметалық құжаттамасы осы айда талдаудан шығады, құрылысын жуық арада бастаймыз. Ал Балықшыдағы мектеп жағдайын жақын арада қарастырамыз, – деді Даниал Ахметов.