Қызылордада тегін мемлекеттік қызметті кәсіпке айналдыратындар көбейген

Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет көрсету көлемі 2 есеге артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде электронды жүйелер жұмысы жолға қойылды. 574 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы мен 8 сервистік әкімдік ашылды. Тұрғындар электронды қызметтерді тегін ала алады. Тек цифрлық қолтаңба қолдану қажет. Алайда қазір өңірде адамдар тегін алатын мемлекеттік қызметті кәсіпке айналдыратындар көбейген. Олар қандай да бір анықтама алып немесе тұрғылықты мекенжайға тіркелу үшін тұрғындардан ақы талап етеді. Тіпті электронды цифрлық қолтаңбаны өзге мақсатта қолдануы ықтимал. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталықтары тұрғындарға алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.

Азиза Бекішева, қала тұрғыны:

Былтырлары баламды балабақша кезегіне қойған кезде ақылы түрде жасатқанмын. Өзімнің құрбыларым да медициналық анықтаманы 500-1000 теңгеге алғанбыз. Осы орталық ашылғаны дұрыс болған екен. Жаңа диспансерлер есебінде тұрмайды деген анықтамаларды алдым және ЭЦ қолтаңбаны жеке куәлігіме салдырттым.  

Ғалымжан Ілкібаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы:

– Жалпы бұл жерде қарапайым анықтамадан бастап белгілі бір қызмет түрімен айналысуға рұқсат беретін лицензияны алуға болады және аптасына 6 күн сағат 9-дан 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Барлық қызмет тегін.