Қостанайда күзетшілер мониторингтік топ мүшелеріне күш көрсетті

Қостанайда караоке-бар күзетшілері нысанды түнде тексеруге келген мониторингтік топ мүшелеріне күш көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес мұндай мекемелер кешкі сегізден бастап жұмысын тоқтатуы тиіс. Соған қарамастан түн ортасында дастархан жайылып, музыка ойнап тұрған. Өздерін таныстырса да күзетшілер тексерушілерді тыңдамастан сыртқа сүйреп шығарған. Осыдан кейін караоке-бардың есігін құтқарушылар бұзып ашты. Ішке кіргенде онда 60 адам болған.

Карантин талабын бұзғандардың бәріне айыппұл салынды. Ал тексерушілерге күш көрсеткен күзетшілерге 5000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қолданылуы мүмкін.