Қанша қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін алды

Алғашқы 5 күнде 52 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы қорындағы ақшасын алуға ниет білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда 70 процентінің өтініші мақұлданды. Бұл туралы Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басқарма төрағасы Жанат Құрманов баспасөз мәслихатында айтты. Шамамен 212 млрд теңге таяу арада азаматтардың арнайы шотына түседі. Ал кеше алғашқы 8 мың салымшы қаржысына қолжеткізіп үлгерді. Көбі қордағы ақшаны ипотекасын жабуға жұмсамақ. Баспана алуды жоспарлағандар да жетерлік. Ал несиені қайта қаржыландыру, жеке үй салу, сатып алу құқығымен берілетін арендалық баспана қарызын өтеу бойынша өтінімдер аз түскен.

Жанат Құрманов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы:

– Өтінішті толтырарда ең жиі кездесетін қателік, ол – рұқсат етілген мөлшерден көп соманы көрсету.  Бұдан бөлек, өтініштің 13 проценті қайталанады. Яғни салымшы алғашқы өтінімнің мәртебесін күтпестен бірнеше рет жіберген. Сондай-ақ зейнетақы қорында жинағы жоқ азаматтар да өтінім білдірген.