Елімізде COVID-19 бойынша статистикалық зерттеу жүргізіледі

Елімізде COVID-19 бойынша статистикалық зерттеу жүргізіледі

COVID-19 бойынша статистикалық зерттеу жүргізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында медицина саласындағы біраз проблеманы көтеріп, министрлікке бірқатар міндет жүктеген еді. Оның ішінде статистиканы нақтылауды тапсырды. Вакциналауды сапалы ұйымдастыру және медицина мекемелеріне инвентаризация жүргізу қажеттігін айтты. Бүгінгі Үкімет отырысында еліміздің бас дәрігері Алексей Цой атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Президент шынайы ахуалды анықтау қажеттігін айтты. Себебі COVID-19 жұқтырғандар есебінде бұрмалау болуы әбден мүмкін. Министр Алексей Цой статистикалық зерттеу жүргізу үшін арнайы жоба жасалғанын мәлімдеді. Бұл жоба Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының базасында іске асып жатыр.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Министрлік Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының базасында тиісті жобаны іске асырып жатыр. Әрі қарай зерттеу нәтижелері негізінде статистикалық деректерді тіркеу жұмыстары жүреді.

Пандемия кезінде еліміздің біраз білікті дәрігері түрлі ұсыныс-пікір айтқан еді. Президент тапсырмасымен тәжірибелі мамандардың ұсыныстары жан-жақты талқыланады. Кейін олардың кандидатурасы денсаулық сақтау саласындағы ұлттық жобаларды анықтау жөніндегі топ құрамына енеді.

Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы – медициналық мекемелерге инвентаризация жүргізіп, жоғын түгендеп, ескісін жаңғырту туралы болатын. 

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

– Медициналық ұйымдарға, оның ішінде босандыру және жансақтау қызметіне инвентаризация жүргізу үшін министрлік жұмыс тобын құрды. Бұл қызметтердің қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен қаншалықты қамтамасыз етілгені тексеріледі. Жұмыс тобының құрамына өңірлік департамент пен жергілікті әкімдік өкілдері кіреді. Инвентаризация жүргізілетін медициналық мекемелердің тізімі мен кестесі жасалды.

Өңірлерде дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтардың бағасына бақылау жасайтын мониторингтік топтар құрылады. Азаматтардың жекелеген санаттарын медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсетудің стандарттары мен регламенті әзірленеді.