Түркістандық кәсіпкерлер карантин талаптарын жеңілдетуді сұрайды

Өңір «жасыл аймақта» тұр. Сондықтан демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік берсе дейді.

Себебі жұрттың көбі жұмыста болғандықтан сауда-саттық сенбі-жексенбіде қызады. Табыссыз қалған Орталық базар саудагерлері жалға алу ақысы мен несиелерін төлей алмай отырған көрінеді. 

Бұл – Түркістанның орталық базары. Мұнда 3 мыңға жуық адам сауда жасайды. Қалада басқа жұмыс орындары болмағандықтан халқы саудаға әбден бейімделген. Көбі осы жерден нәпақасын тауып, бала-шағасын асырайды. Киім-кешек сатумен айналысатын Дана Исаева киім алатын адамдардың бәрі жұмысбасты болғандықтан демалыс күндері келетінін айтады. Ал ол күні базар жұмыс істемейді. 

Дана Исаева, кәсіпкер:

– Сенбі, жексенбі жұмыс істесек, кәсіпкерлерге сәл де болса көмек болар еді. Өйткені бәріміздің басымызда несиеміз бар. Той-томалақ та болып жатқан жоқ, сондықтан жұмыс істейтін азаматтар киім алады. 

Қоғамдық тамақтану орындарының иелері де жұмыстың тұралап қалғанын айтып шағымданып отыр. Айтуларынша, жай күндері халықтың демалуға қолы тимейді. Көбі демалысты сенбі, жексенбіге жоспарлайды. Оның үстіне туристер де қалаға сол күндері көптеп келеді. Сондықтан табыстың 30-40 процентінен қағылып жатқандарын айтады.

Бекзат Хабибов, кәсіпкер:

– Демалыс күндері туристер көбірек келеді. Оларға біз қалай түсіндіреміз. Егер «қызыл аймақта» тұрсақ, жағдай ушығып тұрса біз түсінеміз. Біздің арендамыз бар, жұмыс күші бар. Олар бала-шағасын асырап отыр. Оларды біз ертең қысқартуымызға тура келеді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасына да шығынға батқан кәсіпкерлерден көптеген арыз-шағымдар түскен. Сондықтан олар Түркістан облысы «жасыл аймақта» болғандықтан, мұндай шектеулерді алып тастау туралы облыс әкімі мен өңірдің бас санитар дәрігеріне ұсыныс хат жолдапты. Палата өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай жалғаса берсе, өңірдегі 143 мыңнан аса кәсіпкер табыссыз қалуы мүмкін.

Зухра Әмірова, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– ҚР бас дәрігерінің қаулысына сәйкес, «жасыл аймаққа» кірген аумақтарға ешқандай шектеулер қойылмайды. Осыны біз көрсетіп жібердік. Жергілікті орган мен департаменттен тиісті жауабын күтіп жатырмыз.

Алайда санитар-эпидемиологтар соңғы айда аймақта аурушаңдық үш есеге өскен деп отыр. Желтоқсан айында 192 адам індетке шалдыққан болса, қаңтар айында олардың саны 600-ден асып кеткен. Сондықтан облыста құрылған арнайы штаб мүшелері карантин талаптарын қатаңдату туралы шешім қабылдаған. Онсыз да шектеуге шекеден қарайтындар аз емес дейді.

Нұрбек Нышанов, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– Тамақтану орындарында әлеуметтік қашықтық сақталмайды, бетперделік режим сақталмайды. Адамдар көп шоғырланады. Той-жиындар да тоқтап жатқан жоқ қазіргі таңға. Біздің облыс жасыл аймақта болғанымен босаңсуға болмайды.

Қазір өңірдегі жағдай былай тартсам, өгіз өледі, былай тартсам, арба сынадының кебін киіп отыр. Сондықтан өте күрделі мәселені облыстың атқамінер азаматтарының қалай шешері әзірге белгісіз. Қалай болғанда да қауіпсіздікке аса мән берілуі тиіс.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы